Энергия, Мойынқұм, Абай. Жаңа АЭС атауына 10 мың ұсыныс түсті

Не болды?

Қазақстандағы алғашқы АЭС атауына қатысты байқауда Қазақстан азаматтарынан 20 мыңнан аса ұсыныс түскен. Қазір арнайы комиссия оларды сараптап жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеп отыр.

Мәлімет

Осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам ұсыныс түсті. Оларды талдап, негізгі үш топқа бөлдік. Біріншісі – географиялық атауларға байланысты. Мысалы: Балқаш, Іле немесе Мойынқұм АЭС деп атау. Екінші топ тарихи тұлғаларға байланысты болды. Қазақстан Республикасындағы саяси, ғылыми қайраткерлердің есімін: академик Шөкиннің, Батуровтың, Абайдың, Қаныш Сәтбаевтың есімін беру. Үшінші топқа техникалық, энергетикалық құрылымдарға байланысты негізгі терминдерді жинақтадық. Олардың арасында жарық, қуат,  атом, энергия, энерго деген сияқты атаулар бар, – деп түсіндірді ол.

Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, елдегі алғашқы АЭС-тің атауын анықтау үшін арнайы құрылған комиссия құрамында этнографтар, тарихшылар, уран саласының өкілдері, қоғамдық пікір жетекшілері мен блогерлер бар.

Агенттік басшысы Қазақстан азаматтарының ұсынысын толық жинап болған соң сараптап, қорытынды шығаратынын айтып отыр.

Контекст

25 қыркүйекте алғашқы Атом электр станциясы атауын таңдау үшін байқау басталды. Байқау 10 қазанға дейін созылады.