Баласы түнде қатты жылаған ата-ана айыппұл төлей ме?

Әлеуметтік желіде «түнде баласы қатты жылаған ата-анаға айыппұл салынады» деген ақпарат тараған еді. Бұған қатысты Абай облысы полициясы ресми мәлімдеме жариялады.

Әлеуметтік желіде тыныштықты бұзған адамға жауапкершілігіне қатысты заң нормасы түсіндірмесі қате таралған. ӘҚБтК-нің 437-бабында құқық бұзу фактісіне тұрғын үйде немесе оның сыртында сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін шұғыл қажеттікке жатпайтын, адамдардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін шулы әрекет жатады. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тек жеке немесе заңды тұлғаның арызы негізінде тексереді, — делінген хабарламада.

Полиция әрбір хабарламаны жеке қарап, құқық бұзушылықтың объективті және субъективті жақтары анықталғаннан кейін ғана шара қолданатынына сендіріп отыр.