Алматыда футбол матчы кезінде көлік қозғалысы шектеледі

Алматыда футбол матчы кезінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлап отыр.

«Қайрат» пен «Реал» арасындағы халықаралық футбол матчының қарсаңында Алматы полициясы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қолға алды. Жол қауіпсіздігіне баса назар аударылып отыр. Орталық стадион аумағында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Қалалық полиция департаменті тұрғындар мен қонақтарға алдын ала қозғалыс шектеу сызбасымен танысып, өз бағыттарын түзетуге және жолдағы өзгерістерді ескеруге кеңес береді.

Азаматтардың түсіністік танытып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бұл шаралар уақытша және тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген хабарламада.