Оралда Vetagroskillshub құзыреттілік орталығы ашылды

Оралда «Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі» базасында Vetagroskillshub құзыреттілік орталығының ресми ашылуы өтті.

Бұл туралы БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жаңа орталық кәсіби білім беру мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтіп, аймақтың экономикалық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды бастама болады.

Орталықтың басты мақсаты – халықаралық WorldSkills International стандарттарына сәйкес білікті мамандар даярлау арқылы аймақтағы өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласына серпін беру.

Vetagroskillshub құзыреттілік орталығы аймақ еңбек нарығына қажетті сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған. Мұнда студенттер мен өндірістік шеберлер WorldSkills халықаралық чемпионаттарына дайындалу үшін арнайы оқу-жаттығу базасын пайдалана алады. Сонымен қатар колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыруға арналған тренингтер мен курстар ұйымдастырылады. Орталық жұмыссыз азаматтар мен мамандығын ауыстыруға ниетті адамдарға қайта даярлау мүмкіндігін ұсынады. Жастар мен мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жұмысшы мамандықтарының беделі көтеріліп жатыр. Оқыту процесінде халықаралық стандарттарға сәйкес озық технологиялар мен заманауи әдістемелер белсенді түрде енгізіледі, — делінген хабарламада.

Vetagroskillshub құзыреттілік орталығы «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің» аграрлық инновациялық-технологиялық паркімен тығыз әріптестік орнатқан. Бұл серіктестік білім беру мазмұнын өндіріске жақындатып, практикалық дағдыларды дамытуға жол ашады.

Vetagroskillshub – бұл аймақтық және халықаралық кәсіби чемпионаттарға дайындық алаңы, жаңа технологияларды сынақтан өткізетін оқу платформасы, сонымен қатар жастардың ғылыми және инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған орталық. Бұл бастама аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, кәсіби білім беру саласында жаңа кезеңнің басталуын білдіреді, — делінген хабарламада.