Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізді

ҚР төтенше жағдайлар министрлігі ҚР сыртқы істер министрлігінің KazAID халықаралық даму агенттігімен бірлесіп, Ауғанстанға теміржол арқылы ірі көлемде гуманитарлық көмек жөнелтті.

Бұл туралы KazAID халықаралық даму агенттігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Салмағы 272 тонна 728 келіні құрайтын 26 вагон гуманитарлық жүк жеткізілді. Жеткізілген көмектің құрамына шатырлар, қант, көрпелер, ет консервілері және ұн кірді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы сәуірде Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберген болатын. Ол кезде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдары бар жүк әуе жолымен жеткізілді. Оның жалпы салмағы 3 тонна 396 келі болды.