Алматының Медеу ауданында 390 орындық бөбекжай-балабақша жаңартылды

Медеу ауданындағы №166 бөбекжай-балабақшада кешенді жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңартылған білім ошағы Алматының Қала күніне орай ашылды.

Бұл туралы Медеу ауданы әкімінің аппараты хабарлап отыр.

Жаңарту аясында балабақша ғимараты толық жөнделіп, сырты боялды. Ауласы абаттандырылып, асфальт төселді. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін жаңа тротуар жолдары салынды, ойын алаңдардағы шатырлар жаңартылды. Ішкі бөлмелерде еден жабыны ауыстырылып, қабырғалар әктеліп, боялды.

ғимарат
Фото: Алматы әкімдігі

Аудандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаның басты мақсаты тәрбиеленушілер үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасау. №166 бөбекжай-балабақшаға жүргізілген жөндеудің арқасында балалар енді ыңғайлы, қауіпсіз әрі заманауи талапқа сай ортада уақыт өткізеді. Ал ата-аналар балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына сенім арта алады.

Медеу ауданы әкімдігінің мәліметінше, жаңартылған мекеме балаларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын жақсартады.