Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ салынады

Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ салынады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Наурызбай ауданында биыл «Рахат» шағынауданында жаңа саябақ аймағын құру жұмыстары басталды. Саябақ құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Жобаның тарихы 2023 жылы басталды. Сол кезде Наурызбай ауданы әкімдігінің бастамасымен 1,5 гектар жер телімін алу рәсімі жүргізілген. Аталған жер Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының жанында орналасқан. Жоспар бойынша Қызыл кітапқа енген ағаштарды сақтай отырып, саябақ салу көзделген. Кейін жердің иесі ауысып, ол BI Development құрылыс компаниясына өтті. Компания қол қойылған меморандум аясында BIOGRAPHY деп аталатын ландшафтық саябақ жобасын жүзеге асыруға міндеттелді, — делінген хабарламада.

Жобада бар ағаштарды сақтау, ыңғайлы жүргіншілер жолдарын салу және табиғи элементтерді саябақ тұжырымдамасына үйлесімді енгізу ерекше назарға алынған.