Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында және Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup Day) орай 20 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылады.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
Сенбілік барысында қала аумағы қоқыстан тазартылып, саябақтар мен гүлзарлар, аулалар, сонымен қатар сауда және қоғамдық тамақтану нысандарына іргелес аумақтар ретке келтіріледі. Бұдан бөлек, Астананың алты ауданында ағаш отырғызу жоспарланған.
Әкімдік қалалық кәсіпорындарды, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес өкілдерін, еріктілер мен тұрғындарды тазалық шарасына белсене қатысуға шақырып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экоакцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын қаланың көшелеріндегі тазалық мәселелеріне аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Жалпықалалық сенбілік 20 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталады.
