Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қала тұрғындарының демалысы мен серуендеуі үшін абаттандырылған жаңа аллея ашылды.
Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жаңа аллея Алматы ауданының Қайрат Рысқұлбеков көшесі бойында орналасқан және еңбек династияларына арналады. Ашылу салтанатына аудан әкімдігінің қызметкерлері мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қатысты. Жиналғандардың алдында «Елорда» хоры мен Е.Рахмадиев атындағы қалалық филармония әртістері өнер көрсетті. Бүлдіршіндер үшін ойындар, викториналар өткізіліп, аниматорлармен көңіл көтеру бағдарламасы ұйымдастырылды.
Отбасылық демалысқа жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Балаларға арналған кең ойын алаңына қауіпсіз тартан жабындысы төселіп, заманауи шағын сәулеттік элементтер орнатылды. Сонымен қатар заманауи және ыңғайлы орындықтар, қоқыс контейнерлері қойылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді, жаңа асфальт төселді және жарықтандыру жүйесі орнатылды. Аллея бойына 200-ден астам ағаш егілді, — делінген хабарламада.
