Маңғыстау облысында 2 әкімнің орынбасары қолға түсті

Маңғыстау облысының полиция департаменті жергілікті әкімдіктің көмегімен бірге есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Мұнайлы ауданының үш тұрғынын қолға түсірді.

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Олардың ішінде екі адам – лауазымды қызмет атқарған: біреуі – Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары болса, екіншісі Атамекен ауылындағы әкімнің орынбасары екен.

Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалса, ауыл әкімінің орынбасары мен тағы бір адамға қатысты әлі бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Олардан тәркіленген заттар сараптамаға жолданды, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, олар есірткі бизнесіне қарсы «Қарасора-2025» рейді аясында қолға түскен. Маңғыстау облысының әкімдігі кез келген қылмысқа мүлде төзбейміз дейді.