Алматы облысында өртке байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Мұндай ұсынысты Алатау қаласының әкімдігі жасап отыр.
Құжат жобасы Ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжат мақсаты: «Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай туралы халықты хабардар ету, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Алатау қаласының маңындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында да, ТЖМ Командалық орталығынан да жүргізіліп жатыр. Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб құрылды.
Өртті сөндірудің алты учаскесі құрылды. Өрт орнында «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға алты техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және бес автоцистерна жұмылдырылды.
Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сонымен қатар ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды. Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмылдырылды.
