Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 17 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Тек елдің батысы мен оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы болады. Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл, солтүстік-батыста және орталықта түнгі және таңертеңгі уақытта тұман болады, — делінген хабарламада.

Түнде Солтүстік Қазақстан облысының батысында 1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.

Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында, Ақтөбе облысының батысы, орталығы мен солтүстік-шығысында, Маңғыстау облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.

Алматы, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстарында, Жетісу облысында, Ұлытау облысының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі болжануда.