Алматыны күйік иісі басып қалды: ТЖД түсініктеме берді

Алматы тұрғындары қаланың әр ауданында күйік иісіне қатысты шағымданып жатыр. Бұл туралы қалалық ТЖД хабарлап отыр.

Алматы қаласы ТЖД өкілдерінің мәліметінше, жағымсыз иіс Алматы облысындағы қоқыс полигонында болған өрт салдарынан пайда болды.

Алматы облысында орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртке байланысты қалада аздап түтін байқалады. Оқиға орнында ТЖМ-ның және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр: Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД, Ұзынағаштағы 28237 әскери бөлімі, Қазселденқорғау, Алматы қаласы ТЖМ құтқару қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдардан 150 адам және 70-тен астам техника жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

Оқиға орнына қосымша өрт сөндіру сорғы станциялары, апаттық-құтқару көліктері, бульдозерлер, тралдар және басқа да арнайы техника жіберілген. Өрттің жақын маңдағы аумақтарға тарау қаупі жоқ.

Еске салайық, кеше таңертең Алматы облысында қоқыс полигоны өртенген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да