Өңірлерде 2026 жылғы су тасқынына дайындық басталды

Еліміздің өңірлерінде 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ хабарлап отыр.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өзен арналары тазартылып, жағалаулар нығайтылып, инженерлік қорғаныс құрылыстарының жағдайына тексеру жүргізіліп жатыр.

  • Шымкентте Бадам өзенінің бойында ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын жағалау нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.
  • Ақмола облысының Сандықтау ауданында Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары атқарылып жатыр.
  • Жамбыл облысында Қордай ауданындағы бөгеттер мен су арналар тексеріліп, Ырғайты өзенінің жағалауы тазартылды.
  • Қостанай облысында Тобыл өзенінің арнасын тазалау, автомобиль жолдарындағы су өткізгіш құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
  • Шығыс Қазақстан облысында Үлбі, Бұқтырма, Нарын, Қалжыр және өзге де өзендерде арнаны түзету және тазалау шаралары атқарылып жатыр.

Сонымен қатар арықтар мен су өткізгіш арналарды жасау, жағалауларды нығайту жұмыстары ұйымдастырылған. Барлық жұмыс жоспарға сәйкес атқарылып, тұрақты бақылауда тұр. Бұл шаралар көктемгі су тасқыны кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қорғауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.