Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

Кейінгі күндері еліміздің жолдарында болған үш бірдей қайғылы оқиға барша халықты дүр сілкіндірді.

Айта кетсек, 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобустың аударылуы салдарынан 10 адам қаза болды. 14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуы тағы 10 адамның өмірін қиды — апаттың себебі қарсы бағытқа шығу болған. Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен жол-көлік оқиғасы болып, бес адам қаза болды.

Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осыған байланысты ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтіп жатыр. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониториң жүргізіледі. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.

Алайда жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес. Бұл — әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі, — деп ескертті полицейлер.