Қазақстанда балалардың әл-ауқаты зерттелді

Қазақстанда балалардың әл-ауқаты индексі аясында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлап отыр. 

Сауалнамаға балалар, ата-аналар және педагогтер қатысып, негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, балалардың құқықтық қорғалуының орташа деңгейі 90,3% болды. Бұл олардың өз құқықтары туралы хабардарлығы жоғары екенін және қорғану тетіктерін қолдана алатынын көрсетті. Ең жоғары көрсеткіш Қостанай (94,5%), Маңғыстау (93,5%) және Қызылорда (93,1%) облыстарында тіркелді.

Маңызды индикаторлардың бірі – жасөспірімдердің өз өміріне қанағаттану деңгейі. Орта есеппен 10–18 жас аралығындағы балалардың 85%-ы әлеуметтік және психологиялық жағдайын оң бағалады. Бұл тұрғыда Қостанай облысы (90,1%), Шымкент қаласы (88,7%) және Қызылорда облысы (88,5%) көш бастады.

Зерттеу отбасындағы сенім деңгейіне де назар аударды. Жасөспірімдердің 90,4%-ы ата-анасымен еркін сөйлесіп, ой-пікірін бөлісе алатынын айтты. Ал көшбасшылар қатарында Ұлытау облысы (97,5%), Астана (95,3%) және Қостанай облысы (94,7%) бар.

Балалар әл-ауқаты индексі – баланың денсаулығы, білімі, отбасы және әлеуметтік ортасын қамтитын маңызды көрсеткіш. Нәтижелер балалардың өздерін қауіпсіз сезінетінін және болашағына сеніммен қарайтынын көрсетеді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша балалардың әл-ауқаты индексі өсім көрсетіп, орташа республикалық деңгей 58,6 балл болды.