Көкшетау қаласындағы Абылайхан алаңына өңірдегі бірнеше ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен салтанатты шарада аймақ басшысы Мəлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындар мен шаһар қонақтарына игі тілектерін жолдады.
«…Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХҮ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қоғам мен азаматтар бейбітшілік пен түсіністік өзінен өзі қалыптаспайтынын білуі керек. Мемлекет этносаралық жəне конфесияаралық процестерді ұдайы бақылауында ұстайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар ұлттық бірлікті нығайту мақсатында еңбек етуде», деп атап көрсеткен еді.

Қазақ халқы өзінің көп ғасырлы тарихында барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, тұтастық пен мемлекеттілікті нығайтуға мақсат ұстанып келеді. Бүгінгі ел халқының бірлігі күні біздің тарихымызда ыждаһатпен аталып, берік дәстүрге айналған қасиетті мереке болып отыр. Өйткені, бейбітшілік пен тұрақтылық басты байлығымыз бен жетістігіміз болып табылады. Әр ұлт пен ұлыстың тілін, дәстүрін құрметтейтін қазақ елі әлемдік өркениетке бейбітсүйгіш ел ретінде енді…», деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Одан әрі «Бірлік жəне көптүрлілік» атты театрландырылған көрініс қойылып, хореографиялық ұжымдары ел бірлігін паш ететін ұлттық билерді биледі. Сондай-ақ, сан алуан ұлт өкілдері өздерінің қолөнер туындыларын, мәдениетінен сыр шертетін ұлттық бұйымдарын жұрт назарына ұсынды. Шара жергілікті көркем өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында 105 ұлт мен ұлыстың өкілдері өмір сүріп жатыр. Облыста өз халқының мәдениетін, тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін насихаттап, дамытумен айналысатын 45 этномәдени бірлестік тіркелген, оның ішінде 20 бірлестік Көкшетау қаласында орналасқан. Олардың шығармашылық қызметін ұйымдастыруда Көкшетау және Степногорск қалаларында Достық үйлері, Зеренді ауданында Достық ортралығы қызмет етеді.
