Алматы автопарктерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, автобустар үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ауа температурасының күрт төмендеуі мен 12 желтоқсанда жауған қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктердің 91%-і үзіліссіз жұмыс істеді.
Бұған дейін қалалық мобильділік басқармасының нұсқаулығымен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау бойынша қажет іс-шара жүргізген еді. Алайда автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды. Бұл ретте тасымалдаушылар тарапынан ақауларды жою бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр. Барлық автопаркте кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақтылы шығу үшін қозғалтқышты бірнеше рет жылыту жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, рейстердің жүйелілігіне қала бойынша болып жатқан үлкен кептелістер де әсерін тигізген. Коммуналдық қызметтер қаланың барлық аумағында қар тазалау және жолдарды тазалау жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр.
Синоптиктердің мәліметінше, бір күнде жауын-шашынның айлық мөлшерінің 28%-і түскен. Бүгінде Алматыда тұрақты қалалық және қала маңындағы 176 маршрут бар. Барлығы 2 297 бірлік автобус пен троллейбус қызмет көрсетеді. Маршруттарға «Алматыэлектротранс» ЖШС 23 жеке және бір коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді.
