Түркістан облысының Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығын сақтау және қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Департамент тауар белгілері иелерінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдердің арыз-шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Тексеру барысында, арыз иесінің құқығы бұзылғаны анықталса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 158-бабына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылады. Аталған баптың талабына сәйкес, тауарлар тәркіленіп, жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, тәркіленген заттар жойылады. Биылғы жылдың 11 айында департамент осындай арыз-шағым негізінде 4 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның ішінде 3 құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-тің 158-бабымен әкімішілік іс қозғалып, заңсыз айналымнан 1839100 теңгенің 406 дана өнімі алынды. Сот қаулысына сәйкес, құқық бұзушыларға 144900 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 1 тексеру бойынша құқық бұзушылық анықталмады.
Кейбір жағдайда мұндай дау бейбіт жолмен, келіссөз арқылы шешілуі мүмкін. Департамент тексерумен қатар, зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы түсіндіру арқылы азаматтар мен кәсіпкерлерге тиісті құқықтық кеңес береді. Өйткені құқықтық түсіндіру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға болады.
Түркістан облысының Әділет департаменті «Әділет кеңес береді» акциясы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы заңдылықты түсіндіріп, интернет ресурсы, әлеуметтік желі арқылы азаматтарға жол көрсетеді. Сонымен қатар, қала көшелерінде LED экрандарда және Кинопарк кинотеатрында тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік және контрафактілік тауарлардың адам өміріне қауіптілігі туралы бейнероликтер көрсетілуде.
Ө.ЖОЛДЫБАЕВ,
Түркістан облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы
