Түркістан облысының аумағында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы жұмыс істейді

Соңғы уақытта шаһарымызда жол ережесін бұзу жайты жиілегені рас. Оған себеп, ережені ескергісі келмейтін жүргізушілердің мас күйде тізгінге отырып, қарсы бағытта жылдамдықты асыруы. Нәтижесінде, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін жол апаттары орын алуда. Мұндай заңсыздықтың алдын-алу және оны болдырмау мақсатында қала аумағындағы бақылау бұрынғыдан да күшейтілді. Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Түркістан облысының аумағында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарлама «Сергек» камералары арқылы тәртіп сақшыларына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бақылау жүргізуге көмектеседі.

Мәселен, «Қорғау» мобильді қосымшасы республикалық маңызы бар жолдарда қызмет атқаратын Түркістан облысы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің планшеттері мен және қала сыртындағы трассаларда орналасқан «Сергек» камераларына қосылған. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзушылар мен борышкерлерді анықтау бойынша жұмысты жеңілдетеді.

Мысалы Түркістан облысы Полиция департаменті жедел басқару орталығына «Қорғау» бағдарламасы арқылы «Мерседес Бенц» автокөлігіне дабыл келіп түсті. Онда көлік иесінің 5 миллион теңгеге жуық қарызы бары көрсетілген. Кезекші дереу патрульдік полиция қызметкерлерін көлік құралын анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға бағыттады. Тәртіп сақшылары аталған автокөлікті «Шымкент-Самара» тас жолында тоқтатып, айыптұраққа қойды. Автокөлік иесімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қарызды уақытылы төлеу қажеттігі ескертілді.

Жалпы полицейлер 6 ай ішінде «Қорғау» бағдарламасының көмегімен айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ден астам көлік құралын анықтап, айыптұраққа қойған. Мұндай кешенді шаралар аймақтағы құқық бұзушылықты азайтып, азаматтардың жауаптылығын арттыра түсері ақиқат.

Бекбол Қалдыбек
Түркістан облысы