Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына кедергі. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жемқорлыққа қатысты атқарылған жұмыс аз емес. Жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік көрсеткен азаматтарды ынталандыру тетігі қарастырылған.
Бұл бастама алғаш енгізілгенде қарапайым халықтың қабылдай қоймағаны рас. Себебі, жұрт тамырын тереңге тартқан кеселді жаңа тетік арқылы жеңуге болады дегенге сене қоймады. Ынталандыру тетігі кез келген азаматтың өзіне деген сенімін нығайтты. Көп болып күрескенде, жұдырықтай жұмылғанда кемшілікті түзеуге, кеселді жеңуге болатынын ұғындырды. Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу – тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, барлық азаматтың парызы. Себебі, жемқорлықты қоғам болып қолға алғанда ғана тоқтатуға болады. Сыбайлас жемқорлықтың ең кең таралған түрі – пара алу және пара беру.
Мұндай қылмысқа барғандарға заң бойынша берілетін жаза қатаң. Қылмыстық кодексінің 366-367 баптарында пара алғаны үшін мүлкін тәркілеумен бірге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенген сомасы мөлшерінен бастап айыппұл салу не он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал, пара бергені үшін параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінен бастап айыппұл салынып, не үш жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Парақорлыққа делдал болғандар да жазасыз қалмайды.
Пара алушы мен пара беруші арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткізгендердің немесе оны іске асыруға ықпал еткендердің – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенген сомасы мөлшерінен бастап айыппұл салу не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталған мемлекеттік қызметкер барлық шендік сыйақыларынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынады. Оларға шартты жаза тағайындалмайды, алынған параға қылмыстық жаза ретінде еселенген айыппұл белгіленеді. Яғни, құқықтық нормалар шегінде парақордың пара алу мүмкіндігін шектеп қана қоймай, пара алудың өзін тиімсіз ету қолға алынады. Әрбір ұжымда бұл қылмыстың қаншалықты ауыр екенін, оның мемлекетке үлкен зиян келтіретінін ескертіп тұру керек. Мұндай ескертулер жемқорлықты жоюға ықпалын тигізері анық.
Мұхтар ШОХАЕВ
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының аға сот приставы
