Сағидолла Жұматаев: Қай жерде де ел мүддесін бірінші орынға қойдым

Біздің тағдыр-талайымызға күні кешеге дейін мәңгілік деп келген Кеңес Одағының жақсы жақтарын да, солақай саясатын да көру бұйырыпты. Есейдік, білім алдық, шаңырақ көтеріп, алғашқы еңбек сатыларынан абыроймен өттік. Сөйтіп, оң-солымызды таныған тұста тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреп, мерейіміз асқақтады. Содан беріде отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Екі қоғам алмасқан шақта еселі еңбек етіп, ел еңсесін тіктеуге шама-шарқымызша үлесімізді қосқанымызды мақтаныш етеміз.

Алтынтөбеден басталған жол

Менің балалық шағым Қосмола тауының етегінде орналасқан Алтынтөбе ауылында өтті. Бұл ауыл – Қаржан өзенін бойлай қоныстанған, сұлулығы көз тартарлық ерекше ауыл. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бел ортасында дүниеге келген ұрпақтың бойында қай істе де озат болып көрінуге деген құлшыныс мол болатын. Ол уақытта біз секілді ауыл балаларын әуелі «октябрят» болып балдырған сананы оятудың, сосын «пионермін» деп сапқа тұрудың, одан кейін «комсомол» арқылы кісілікті сезінудің жолдарымен жүргізіп, елге адал қызмет ету міндеті жүктелетін. Әлгі октябряттықтан комсомолға дейінгі мектеп тәрбиесінде адалдық, ар-намыс, азаматтық парыз секілді ұлы құндылықтардың жігі үзілмейтін. Қазір ойлап отырсам, осының бәрі біздерге ертерек ес кіргізіп өсірудің, елге қызмет етуге ертерек қалыптастырудың амалы екен ғой.
Әскер қатарынан оралған соң тұрмыстық жағдайға байланысты еңбекке араласуыма тура келді. Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз қаласы) келіп, тәжірибелік-механикалық зауытқа жұмысқа орналастым. Ол кезеңдерде біз секілді шикіөкпе жастарды алдымен еңбекке «пісіріп» алып, содан кейін ғана жұмысқа жолдама беретін. Екі жылдан соң, яғни 1978 жылдың соңына таман зауыттың комсомол комитеті менің еңбегімді бағалап, ішкі істер қызметіне жолдама берді. Міне, осы жолдама өмірдегі жолымды ашып бергендей болды. Бастапқыда қаладағы түзеу мекемесінде бақылаушы милиционер, «Зауыт» шағынауданының патрульдік милиция инспекторы сынды қызметтерді атқардым. Шымкент қаласындағы ішкі істер мамандарын даярлайтын оқу орнын бітірген соң Таразда екі жылдай еңбекпен түзеу мекемесінде отряд басшысы болдым. 1982-1986 жылдары арнайы жолдамамен Ленинград қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігінің Жоғары саяси училищесінде білім алдым.
Ленинградтан оралысымен басшылық мені Байзақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметті алты жылдай атқардым. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында туған жерге оралып, алғашында облыстық ішкі істер бас басқармасына қарасты криминалдық полиция бөлімінде бөлім бастығы, одан кейінгі жылдары Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Тергеу комитетінің Қазығұрт ауданы бойынша бастығының орынбасары, Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, облыстық ішкі істер бас басқармасының жоғалғандарды іздеу бөлімінің бастығы сынды қызметтерді абыроймен атқардым. 2005 жылы Созақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалып, 2007 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде ішкі істер органдарының Қазығұрт ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Қай қызметте жүрсем де жұмысымды адал істеуге, тапсырманы тиянақты орындауға, елдің мүддесін бірінші орынға қоюға тырыстым.

Қиын күндерді бастан өткердік

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі қылмыстық ахуал өте күрделі болды. Әсіресе, сол жылдары халық тіпті ішер астан қысылып, соның салдарынан азық-түлік пен мал ұрлығы көп орын алды. Мұнымен қатар сол кезде күре жолдарда үлкен жүк көлігін тонайтын қылмыстық топтар пайда болды. Жүк көліктерінің жүргізушілері бірінен соң бірі жоғалып кете бастады. Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күндіз негізгі қызметтерін атқарса, түннің екінші жартысында кезекшілікке түсіп, көше аралап, қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыстар атқаратын. Мен сол жылдары Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет еттім. Ол кезде көлік жоқ, арнайы техникалар да ескірген. Қылмыстық іс бойынша ауылдарға жету үшін қоғамдық көлікпен қатынап, тергеу әрекеттерін жасап, кері қайтатынбыз. Себебі, қылмыстық процеске қатысушылар қаржысының жоқтығынан аудан орталығына келуге мүмкіндіктері бола бермейтін. Осы секілді талай қиын күндерді бастан өткердік.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған мына бір істі ұмытқан жоқпын. Екі мыңыншы жылдары Қазығұрт ауданының тумасы бір әйелді өлтіріп, оны балталап, Келес өзенінің бойына апарып, өртеп жібереді. Бастапқыда мәйіттің кімнің мәйіті екенін анықтау бізге оңайға соқпады. Себебі, тұла бойын түгел өрт шалған мәйітте түймеден өзге іліп алар еш дерек жоқ еді. Дегенмен, ауыл қойшысының таң алакеуімде біреудің балалар коляскасын Келес өзеніне қарай итеріп бара жатқанын көргені, басқа да куәгерлердің там-тұмдап айтқан әңгімелері өліктің сұлбасын жасауға көп көмегін тигізді. Нәтижесінде, Қазығұрт ауданының тумасы ұсталды. Оқиғаның орын алуына қызғаныш себеп болған. Ол сол күнгі отырыста күйеуіне емірене қараған әйелді ауыл сыртындағы екі қабатты үйдің жертөлесіне ертіп апарып, алдымен өлтіріп, одан кейін оның бөлшектенген денесін коляскаға салып, Келес өзенінің бойына апарып өртеп жіберген. Сотта күдікті әйелдің қылмысы толық дәлелденді. Бұл менің еңбек тәжірибемде ең қиын істердің бірі болатын. Айтпақшы, осы қылмысқа дейін басшылық мені Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне бекітіп қойған болатын. Оқиға орын алған күні облыстық ішкі істер басқармасының сол кездегі бастығы, генерал-майор Райымхан Өзбекқалиев мені шақырып алып, әлгі қылмысты ашпай, Түркістанға бармайтынымды ескертті. Сөйтіп, бір айға жетер-жетпес уақытта қылмысты ашып, Түркістандағы қызметіме кеттім. Көне қаланың 2000 жылдық тойында тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткенім үшін полковник шенін алдым.
Созақ ауданында басшылық қызметте жүргенде екі адамның өлімін ашуға тура келді. Кешкі апақ-сапақта жалғызбасты еркек пен оның көршісін белгісіз біреулердің өлтіріп кеткендігі жөнінде бөлімге хабар түсті. Қаскөйлер екеуін өлтіріп қана қоймай, бар малын көлікке тиеп алып кеткен екен. Дереу іске кірісіп, келіп-кетіп жүрген көліктерге сұрау салдық. Маңайдағы әрбір үйдің тұрғындары мен куәгерлерден жауаптар алынды. Куәгерлердің айтуы бойынша күдіктінің бейне кескіні жасалды. Тергеудің қиындығына қарамастан қызметкерлердің тәжірибелі іс-қимылының арқасында күдікті Кентау қаласында ұсталды. Оның бұған дейін бірнеше рет ауылдан мал алып, оны Түркістан қаласына апарып саудалап жүргендігі анықталды. Сол күні ол үйде ешкімнің жоғын пайдаланып, қорадағы малды көлігіне арта бастағанда, үйден екі адам шыға келген ғой. Қылмысын жасыру үшін ол сол мезетте-ақ екеуін жер жастандырыпты.

Полиция әкімшілікке тәуелді болмауы керек

Жасың ұлғайған сайын өткен-кеткенді ойлап, арғы-бергіні ой таразысына сала бастайды екенсің. Әсіресе, өз кәсібіңнің бүгінгі беталысына тереңірек ой жүгіртесің. Кешегі мен бүгініңді ойша салыстыра отырып, қай жерден ұттық, қай жерден сүріндік деген сауалдарға жауап іздейсің. Кейбір олқы көрінетін тұстарға кәнігі тәртіп сақшысы ретінде ой қосқың келеді.
Біздің кезімізде ең алдымен қылмысты ашуға ереше басымдық берілетін. Профилактикалық іс-шаралар одан кейінгі орында тұратын. Кез келген қылмысты ашу барысында профилактикалық шараларды қоса алып жүретінбіз. Бұл көптеген қылмыстардың ашылуына септігін тигізетін. Қазір қылмысты ашудан бұрын профилактикалық шараларға ерекше маңыз беріледі. Тек қағаз жүзінде болмаса, одан қылмыс азайып жатқан жоқ.
Тағы бір олқылық, бүгінгі полиция қызметінің әкімшілік органдарға тәуелділігі артып барады. Бюджеттің түбі сарқыла бастаса, оны айыппұлмен толтыру полиция қызметкерлеріне жүктеледі. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, полициядағылар бұдан кейін жаппай айыппұл жинауға жегіледі. Бұл өз кезегінде халықтың да ашу-ызасын тудырады. Сондықтан полиция органдары облыс әкіміне емес, тікелей министрлікке бағынуы шарт.
Оң-солын танымаған жастардың полиция органдарының басшылығына келуі де көңіліме күдік ұялатады. Неге десеңіз, басы алтын болса да кез келген жас өзінің жас шамасына қарай ой топшылайды. Бұл психология ғылымында дәлелденген қағида. Адам тағдыры таразыға түсер ішкі істер органдарын тәжірибесі толысқан, оң-солын ажырата білетін, желдің қайдан соғарын бағамдай білетін азаматтар басқарғаны жөн деп білемін.
Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, оның басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал, бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Полиция қызметкерінің негізгі міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Ал, тәртіп сақшысы үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ.

Сағидолла ЖҰМАТАЕВ,
полиция полковнигі, ішкі істер органдары ардагерлері Қазығұрт аудандық кеңесінің төрағасы.