Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовпен сұхбат.
– Мұрат Талапұлы, құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, яғни қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Елімізде бүгінге дейін құқық қорғау саласында көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін полиция жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Осыған орай біз саланы бюро-кратиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық бере бастадық.
Түркістан қаласы – сервистік модель аясында пилоттық жоба ретінде таңдалған аймақтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде бағдарламаның төртінші кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл орайда білім-білігі мол сақшылардың қатары артып, олар толығымен техникамен жабдықталып, елмен тығыз байланыста болуы шарт. Ішкі істер министрі «сервистік модель» жобасы аясында әрбір полиция органдары жанынан «Сервистік орталықтар» салыну қажет екенін айтқан болатын. Соған орай, 2023 жылды «Қала, аудандардағы полицейлер жылы» деп бекіттім. Жыл басынан бері жеке құрамға демеу болып, олардың проблемаларына жіті назар аударып жатырмыз. Жақында жаңа ғимаратқа қоныс аудардық. Енді жаңа талапқа сәйкес, қызметкерлерді заманауи құрал-жабдықтармен және сервистік орталықтармен қамтамасыз етеміз.
Жалпы, сервистік полиция деген әңгіме аспаннан түсе қалған жоқ. Бұл – АҚШ пен Еуропа елдерінде әлдеқашан қолға алынып, бүгінде жемісін бере бастаған әдіс. Бір сөзбен айтқанда, полицияның міндеті – адамдарды түрмеге тоғыту емес, керісінше, қылмыстың алдын алып, халықпен етене жұмыс істеу деген сөз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді енді «Полицей болсаң, халықпен бірге бол!» деп айтсақ болады.
Әрине, бұл бір жағынан полицейлердің саяси мәдениетін көтеру үшін қажет. Тіпті, мұны халқымыздың менталитетіне өте жақын дер едім. Өзіңіз білесіз, қазақ даласында бұрын ешқашан түрме болмаған. Тентегін халық өзі ақылдасып, тезге салып отырған. Яғни қандай қылмыс жасалса да, билер алқасы ақылдасып отырып, оның оңтайлы шешімін шығарған. Осы тұрғыдан келгенде, сервистік полиция бізге жат емес деп ойлаймын.
– Естуімізше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжат қоғамға не береді?
– Ең бастысы, құжатта азаматтардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша басқа да мемлекеттік органдардың жауапкершілігі белгіленеді. Яғни құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұтас жүйе құрылады. Сондай-ақ, қауіпсіз қоғам құру үшін ел азаматтарының құқығы, өмірі, денсаулығы мен мүлкін қорғауға басымдық беріледі. Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді қылмыстың алдын алуға жұмылдырып, азаматтар мен барлық мүдделі тараптармен әріптестік орнату жоспарланып отыр. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша есеп берудің ашық жүйесі қалыптастырылады. Сонымен қатар, онда полиция жұмысын түрлендіру, саланы бюрократиялық жүйеден арылтып, адамға бағытталған модельге көшу шаралары бекітілген.
– Мемлекет басшысының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Оны іске асыру үшін полиция қызметкерлерінің парасаттылығын тексеретін «Integrity check» атты пилоттық жобаның іске қосылғанын білеміз. Облыс полицейлері бұл сынақтан өтті ме?
– Мемлекет басшысы бекіткен тұжырымдамада полицейлердің парасаттылығын тексеретін «Integrity check» тетігі енгізілді. Осыған орай тексерілетін адамдардың іс-әрекеттерін бағалау критерийлері әзірленді. Бастапқы кезеңде азаматтармен қарым-қатынас құру, олардың қарапайым азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету қабілетін тексеруге баса назар аударылады. Қызметкерлердің сыртқы келбеті, яғни қызметтік киімі, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді мақсатты пайдалануына да баға беріледі. Бұдан бөлек, тексеру кезінде тәртіп сақшыларының күнделікті жұмыстағы түрлі жағдайларға, олардың азаматтармен қарым-қатынас кезіндегі жауап беру қабілетіне де ерекше назар аударылады. Бүгінге дейін облыстағы учаскелік полиция инспекторлары, Түркістан қалалық полиция басқармасының ювенальды және басқа да бөлімдері, Кентау қалалық полиция бөлімі мен Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеруден өтті. Тексеру қорытындылары өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр.
– Әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарына қатысты жаңалықтарды үнемі бөлісіп отырасыз. Парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе?
– Әрине. Әлеуметтік желідегі ашықтық өте маңызды. Біз – халықты қорғайтын, халыққа көмек қолын созатын органбыз. Әлеуметтік желіні өзім жүргізіп, үнемі шолу жасап отырамын.
– Бәрекелді! Енді әңгіме ауанын жұмысқа қарай бұрсақ. Жыл басынан бергі облыстағы қылмыстық ахуалды айтып өтсеңіз. Ол бұрнағы жылдармен салыстырғанда қай деңгейде?
– Алғашқы бес айда өңірде 2193 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті. Өткен жылмен салыстырсақ, қылмыстың едәуір төмендегенін байқауға болады. Оның ішінде ауыр қылмыстар 25,4 пайызға, ұрлық 32,2 пайызға, пәтер ұрлығы
33,9 пайызға, бұзақылық 24,7 пайызға, алаяқтық 16,7 пайызға кеміді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 13,6 пайызға, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар 16,7 пайызға азайды.
– Түркістандық полицейлер көбіне қандай қылмыспен бетпе-бет келеді?
– Бөтеннің мүлкін ұрлау белең алып барады. Әсіресе, үйге ұрлыққа түсу, бөтеннің малын қолды ету оқиғалары жиі тіркеледі. Профилактикалық жұмыстардың жиі жүргізілуіне қарамастан облыста мал ұрлығы өсіп отыр. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері 88 мал ұрлығы тіркелген. Саралай келгенде, ұрланған малдардың 80 пайызға жуығы өрістен және қараусыз қалдырудан ұрланғаны анықталды. Талдау жасау барысында қолды болған 180 малдың 13-і ғана сырғаланған болып шықты.
– Есірткі естен тандырып тұр. Сіздердің тараптарыңыздан күрес қалай жүріп жатыр?
– Иә, есірткі бизнесі белең алып тұр. Дегенмен, қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Полицейлер жыл басынан бері 296 деректі анықтап, 111 келі есірткі тәркіледі. Небәрі бес айдың ішінде 209 іс сотқа жолданды. Айтпақшы, жақында Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан «Жібек жолы» өткізу пунктінде үлкен көлемдегі есірткі тасымалының жолы кесілді. Көлікті тексеру кезінде оның жанармай багынан 14 келіге жуық есірткі мен психотроптық заттар табылды. Оның ішінде 5 келі 290 грамм героин, 792 грамм апиын және 5 келі 335 грамм гашиш, сондай-ақ, 1 келі 962 грамм синтетикалық есірткі бар. Қазір біз осы синтетикалық препараттарға ерекше назар аударып жатырмыз. Біздің міндетіміз – есірткінің осындай түрлерін әзірлейтін ошақтарын жою. Бүгінде облыс көлемінде «Есірткісіз болашақ» атты алдын-алу акциясы жүріп жатыр. Шара аясында жастармен кездесіп, оларға ғасыр дертінің қоғамға әкелетін қауіптілігі жайында түсіндірудеміз.
– Жол-көлік оқиғаларына да тоқтала кетсеңіз…
– Жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны едәуір төмендеп отыр. Бұл – департамент тарапынан өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың нәтижесі. Осы маусым айынан бастап облыс бойынша «Бір ай жол- көлік оқиғасыз» акциясы жүріп жатыр. Іс-шара басталғалы полицейлер 9924 құқық бұзушылықты анықтады. Көлікті мас күйінде басқарған 27 жүргізуші ұсталса, жалған және қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік жүргізген 1 жүргізуші анықталды. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Бұған бір жағынан бейнебақылаудың да көмегі көп болып тұр. Бұл бағытта әрі қарай жұмыс жүргізе береміз.
– Отбасында зорлық-зомбылық көрсететіндерге жаза күшейгелі жатыр. Жазаны қатайтамыз деп отбасының ішкі ынтымағын ыдыратып алмаймыз ба?
– Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректер соңғы 5 жылда 3 есеге өсіпті. Өйткені, көп жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартады. Сол себепті, үйдің берекесін қашыратындарды жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізілмекші. Бұдан былай заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге олардың қайта татуласу мүмкіндігі шектеледі.
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Жаңа Қазақстан қоғамын құру жолында оның полициясы да талапқа сай жаңарып, жүктелген міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Халықтың жүрегінен орын алғанда ғана нағыз ел қорғаны деген атқа ие боламыз. Осынау абыройлы да аса жауапты міндеттердің биігінен көріну жолында облыс полицейлері аянып қалмай, елге адал қызмет ете беретіндеріне сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
Тұркістан облысы
