Ішкі істер органдары саласындағы ең негізгі де жауапты қызметтің бірі – тергеуші қызметі. Тергеушінің жұмысы адам тағдырына тікелей ықпал етеді. Қылмыстық іс бойынша дәлелдерді толық жинақтау, істі әділ әрі сауатты жүргізу тергеушіден жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Біз сөз еткелі отырған Арман Базарбай Түркістан қалалық полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істейді. Полиция аға лейтенанты – ішкі істер органында қызмет атқаратын саусақпен санарлық ақындардың бірі. Ол – қазаққа тән батырлық пен батылдық қасиеттен де құралақан емес. Халықтың қамын ойлап, елдің тыныштығын күзетеді. Сын сағатта сертіне берік, ісіне әділ.
Ол ішкі істер органына 2017 жылы келді. Алғашында Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, білім алды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған ол еңбек жолын Түркістан қалалық полиция басқармасында тергеуші болып бастады.
– Кішкентайымнан полиция формасына қызығып өстім. «Осындай киімді мен де кисем ғой, шіркін!» деп армандайтынмын. Мамандық таңдауыма әкем себепкер болды. Әкем менің полиция қызметкері болып, ел тыныштығы үшін қызмет етуіме қолдау көрсетті. Мектепте оқып жүргенімде алғашқы әскери дайындық сабағы өтетін. Сонда сапқа тұрғанды, әскери адыммен жүргенді жаным қалайтын. Сол қызығушылық болашақ мамандығыма баспалдақ болғандай, – дейді ол.
Біз қандай мамандықты қаласақ та оған отбасының ықпалы болатыны белгілі. Арманның ішкі істер саласына келуіне ата-анасының септігі тигені сөзсіз. Әкесі Диханбай Базарбайұлы Отырар ауданындағыТемір ауылында теміржол саласында жұмыс істеп зейнетке шыққан, анасы Сара Асанқызы – Темір ауылындағы С.Әлиев атындағы жалпы орта мектебінің директоры. Ата-анадан берілген тәлім мен тәрбие өрімдей ұлдың Отанға адал қызмет етіп, өз ісінің шебері атануына даңғыл жол ашты.
Арман полиция қызметкері ғана емес, Түркістан жұртшылығына ақын ретінде де жақсы танымал дедік. Бұл өнер әкеден ауысса керек. Қолы қалт еткенде, Арманның әкесі де өлең жазады.
«Мен суырыпсалма ақын емеспін, өлеңді қағазға түсіріп аламын. Өлеңді мектеп қабырғасында жүрген кезде жаза бастадым. Мектеп қабырғасында жүргенде бірнеше мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болдым» дейді Арман. Оның дауылпаз ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңін оқып көрелік.
Жырлары орын тапқан жүректерден,
Саған арнап жыр жаздым жүректен мен.
Ақын емес, суретші болғанымда,
Тұла бойын әсем қып суреттер ем.
Сендік ойды тереңнен ұғатынмын,
Жыр жазуға құмартып тұратынмын.
Өнерден мен іздеген бар жақсыны,
Бойынан көре білдім бір ақынның!
Жігіт едім қадамым берік, бекем,
Бозбаладай құр жүріп желікпегем.
Қазақтың қарапайым баласы едім,
Өзіңдей кіл мықтыға еліктеген!
Шабыт алам өзіңнен жазбай құр ән,
Сендік жырлар өзіне ғашық қылған,
Жыр арнасам Аралдай тартылмаймын,Қарт Каспийдей толқынып тасып тұрам! – деп жырлаған Арман мүшәйраларда бақ сынап, шығармашылығы лайықты бағаланып та жүр. Түркістанда құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен байқауда бас жүлде иемденді. «Парасатты полицей» республикалық байқауында жыл сайын облыс намысын қорғап жүр. Оның айтуынша, бұл сайыс әріптестерінің өнерге, мемлекеттік тілге құрметін арттырады.
Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы болады. Соның ішінде полиция қызметкері болу қоғам алдындағы жауапкершілік пен үлкен сенімді қажет етеді.
– Біз көптеген шағымдармен жұмыс істейміз. Мен қызмет ететін Түркістан қаласына қарасты қылмыстарды тергеу бөлімі әртүрлі қылмыстарды тергеумен айналысады. Бүгінде ең көп белең алып тұрған қылмыс түрлерінің бірі – интернет алаяқтары. Одан бөлек, «баспана алып беремін» дейтін алаяқтар да аз емес. Бүгінде халықтың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан адамдардың көбі тез арада, тиімді бағамен пәтер алып қалуға ұмтылады. Ал, алаяқтар соны пайдаланады, – дейді тергеуші.
Тергеуші алаяқтық қылмыстардың жазасын күшейту керек деген пікірде. Себебі, олар қаншама жанның жиған-тергенін алдап алып, 7-8 жыл абақтыда жазасын өтеп келгеннен кейін де баяғы әдетіне қайта басады екен. Жәбірленушілерге шығындарын да қайтармайтын көрінеді. Сондықтан да қатаң жаза қолданылса, алаяқтық жолмен жасалынатын қылмысқа тосқауыл болар еді.
Раушан НАРБЕК
Түркістан қаласы
