Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Марика» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі бергені хабарланған.
Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті хабарлады.
Полицейлер алған ақпарат бойынша күдік тудырған ер адамға тінту жүргізу кезінде, оның шалбарының артқы оң жақ қалтасына қара пакет ішіне жасырынған есірткіге ұқсас затты тапты. Сараптама қорытындысында оның «гашиш» есірткісі екені расталды.
Күдікке ілінген ер адамның жеке басын анықтау барысында, оның Тәжікстан елінің азаматы екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
