Полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні ұстады

Түркістан облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, тәртіп сақшыларына бағынбай, жол қозғалысы ережелерін бұзған «ВАЗ-21114» автокөлігінің жүргізушісін ұстады.

Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті хабарлады. 

«Алматы-Ташкент-Термез» тасжолының 750 шақырымында қызмет атқарып тұрған патрульдік полиция инспекторлары бірінші жолдан екінші жолға шығып, яғни жүрісі күмән тудырған «ВАЗ» автокөлігін байқады. Полицейлер көлік құралын тоқтатқан кезде жүргізушісі заңға бағынбай, қарсы жолаққа шығып, жол ережесін өрескел бұзды.

Тәртіп сақшыларымен тиісті шаралар қабылданып, аталған көлік тоқтатылып, айыптұраққа жеткізілді. Тексеру барысында автокөлік жүргізушісінің көлік басқару үшін куәлігі жоқ екендігі анықталды, сонымен қатар оның жалған мемлекеттік нөмірлі көлік басқарғаны белгілі болды.

Жол ережесін бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 5 бірдей әкімшілік хаттама толтырылды, олар: 590-бабының 4-бөлігі (көрінеу жалған мемлекеттік нөмірлері бар автокөлікті басқару), 596-бабының 5-бөлігі (қарсы қозғалыс жолағына шығу), 606-бабының 1-бөлігі (авариялық жағдай жасау), 612 — бабының 2-бөлігі (құжатсыз және құжатсыз адамның көлік құралын басқаруы), 613-бабының 3-1-бөлігі (ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің талаптарын орындамау), — делінген хабарламада. 

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін асырмау қажеттігін ескертеді. Жолда абай болыңыз!