БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері келелі жиын өткізді

Әр ұлттың өзіндік болмысы, ерекшелігі болады. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған институт –ол ақсақалдар кеңесі болған. Осыған орай, Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» ұйымдастыруымен «Қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту» тақырыбында БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерімен кездесу жиыны өтті.

Іс-шараның модераторы — Батыс Қазақстан облысы Қазакстан халқы Ассамблеясының «Ақсақалдар кеңесі» төрағасының орынбасары Дәулетжанов Амангелді Медхатұлы күн тәртібіндегі мәселелерге рет-ретімен тоқталды.

БҚО қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Бекқали Базарбайұлы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХII сессиясында «Татулық пен бірлік –табысты мемлекет болудың басты кепілі. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн» деген сөйлеген сөзінен үзінді келтіре отырып, өңірімізде Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 қарашадағы тапсырмасымен Ақсақалдар Кеңесінің 2022 жылғы 25 қарашадағы Ережесін басшылыққа алып, Ақсақалдар Кеңесінің жұмысын жүйелеу және оған жаңа серпін беру жұмыстары басталып, жүргізіліп жатырғандығын айтты.

Аталмыш кездесу жиынына БҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, этномәдени бірлестіктер мен Ақсақалдар кеңесінің төрағалары және «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы мен құрылымдық бөлімшелері қатысты. Жиынға қатысушылар өз ойларында жүрген ұсыныстарын ортаға салып, талқылап, бұл тақырыпқа сай алдағы атқаратын жұмыстың да ауқымы кең екендігін, мәселен, ақсақалдар кеңесінің құрамын жаңарту, алдағы жылғы жұмыс жоспарына осы кездесуде айтылғандарды енгізу керектігін тілге тиек ете отырып, «Президентіміздің айтып отырған ақсақалдар институтын жаңғыртып, беделін көтеру – өте дұрыс шешім. Ақсақалдар кеңесі – ұлтымызға тән институт. Өйткені ата-бабаларымыздың заманында да осындай кеңестер құрылып, ақсақалдар қазақ қоғамындағы кейбір мәселелерді реттеп отырған. Демек, қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі күшті болған десек қателеспейміз» -деген салмақты пікірлерімен бөлісті.

Жиын қорытындысында БҚО қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Айгүл Серікқызы ел ертеңі – бүгінгі жас ұрпағымыз, бүгінгі қоғам рухани тәрбиеге зәру қоғам, сондықтан сөзден іске көшу керек деді, сондай-ақ басшының орынбасары Махамбет Амантайұлы өз сөзінде тарихқа көз салсақ, қай кезеңде де қазақтың қазыналы қариялары елді бірлікке, ынтымаққа және адал еңбекке жетелеген дей отырып, енді этномәдени бірлестіктерден ақсақалдар кеңесін құру қажеттігін және алдағы уақытта республикалық Ақсақалдар кеңесі болатынын айтты.