Түркістан облысы республика бойынша білім беру саласына бөлінетін қаржының көлемі жағынан бірінші орында тұр. Мұның себебін түсіну қиын емес. Түркістан – елімізде мыңнан астам мектебі бар бірден-бір облыс. Осы білім ұяларында жарты миллионнан астам бала оқиды. Соңғы жылдары облыста жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұстаздар жаңа технологияларды меңгеруде. Білім беру процесін цифрландыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асуда. Десек те, бұл салада проблемалар да жоқ емес. Соның ең бастыларының бірі – сыбайлас жемқорлық.
Қаржы балалар игілігіне бағытталуы керек
Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев ақпараттық-коммуникациялық орталығындағы баспасөз мәслихатында білім беруді қаржыландырудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілгенін мәлімдеді. Талдау нәтижесінде облыстық білім басқармасы негізсіз жоспарлаған 22,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты анықталып, жобадан қысқартылған. Енді үнемделген қаржы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруға, жылыту жүйесін газға көшіруге, мектеп парталарын, тақталарды және мектепке дейінгі ұйымдарға жиһаздар сатып алу мен білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарына бағытталды. Спикердің айтуынша, талдау аясында еңбекақы төлеу қоры бойынша жүйелік жымқырудың схемасы анықталған. Бұл схемалар жыл сайын қолданылып келген. Облыстағы білім саласында сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстардың дені мектепке, балабақшаға маман қабылдаумен байланысты. Мәселен, биыл Төле би аудандық соты осы ауданның білім саласында басшылық қызметтерді атқарып жүрген үш азаматшаға үкім шығарды.
«Қамқорлық» құны қанша?
Аудандағы білім бөлімінің басшысы Роза Аманова пара алды деген айыппен, ал оның қарамағындағы екі мектеп директоры пара берді деген айыппен кінәлі деп танылды. Басшы жеті жылға, ал екі директор үш жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді. Осылайша былтырдан бері сағызша созылған қылмыстық іске сот өзінің төрелігін айтты. Жалпы, бұл Роза Амановаға қатысты алғашқы сот отырысы емес. Бұдан екі жыл бұрын құзырлы органдар оның жалған дипломына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.
Іс Түркістан қалалық сотында қаралып, сот барысында бөлім басшысының Жетісайдағы колледжден алған дипломының жалған екендігі расталған. Алайда сот оны сол жолы қылмыстық жауапкершіліктен босатқан еді. Бұл жолы Амановаға айыптау үкімі оқылды. Үкімге қарағанда, істің мән-жайы былай болған: Құзырлы органдарға Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы Р.Аманованың өзіне бағынысты ұйым басшыларынан ай сайын қолма-қол 1000 АҚШ доллары түрiнде пара алатыны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Антикор осы ақпараттың анық-қанығын тексеру үшін арнайы операция жүргізген. Өйткені, басшыларға қатысты жалған арыздардың да ұйымдастырылатыны жасырын емес. Өз ісіне шын берілген, қызметін адал, жоғары жауаптылықпен атқарып отырған мамандар жалған жаланың кесірінен зардап шегіп, еңсесі түспеуі керек. Сол себепті құзырлы органдар сыбайлас жемқорлықпен байланысты арыз, хабарламаларды тексеруге терең мән береді. Әрі нақты дәлел-дәйектерді ғана басшылыққа алады.
Осылайша Аманованың қызметтік бөлмесіне жасырын аудио және бейнебақылау құралдары орнатылған. 2022 жылдың 23 ақпанында Р.Аманованың кабинетіне Көксәйек мектебінің директоры Б.Есимбаева кіріп, оған 400 мың теңге, келесі күні – 24 ақпанда Дулати атындағы мектептің директоры Ж.Култаева кіріп, 200 мың теңге берген. Дәлірегі екі директор өздері жетекшілік ететін мектепке маман қабылдау үшін Амановаға пара ұсынған. Сот үкіміне сенсек, олар параны бастықтарына маман қабылдауда «жалпы қамқорлық» көрсетуі үшін берген. Сол 24 ақпан күні кешкісін Аманованы ұстау үшін антикордың қызметкерлері оның кабинетіне кіріп, тергеу амалдарын жүргізген. Кабинетте күтпеген жағдай болған.
Тексеру кезінде басшының бөлмесінен 600 мың теңге парадан бөлек, ірі көлемде теңгелер мен долларлар шыққан. Олардың жалпы көлемі 14 миллион теңгені құрайды. Сот барысында Аманова бұл қаражаттардың бір бөлігі туысының жерін сатудан түскен ақша, бір бөлігі сіңлісіне тиесілі екенін айтқан. Алайда сот оның бұл уәжін дәлелсіз деп табады. Себебі, қызметтік столдың тартпасынан алынған ақшалар тоғыз бөлікке бөлініп салынған. Олардың бірі конвертте, бірі арнайы қорапта, енді бірі ашық күйінде тұрған. Соттың тұжырымына қарағанда, бұл қаражаттар Аманованың тікелей өзіне жеке-жеке берілген. Алайда ақшалардың қайдан келгені сол күйі анықталмаған. Мұның арғы жағында біраз күдіктердің құлағы қылтияды. Алайда күдіктің қай кезде де сотталушының пайдасына шешілетіні бесенеден белгілі ғой. Осы себепті сот Амановаға жоғарыдағы екі директор берген 600 мың теңгені ғана пара деп таныған. Сот барысында Аманова Есимбаевадан 400 мың емес, 200 мың теңге алғанын, ақшаны ол бұрын алған қарызын қайтару үшін бергенін, ал Култаеваның 200 мыңы гәптің ақшасы екенін алға тартқан. Алайда сот оның бұл уәжін де жоққа шығарған. Сотталушылар өздеріне шығарылған үкіммен келіспей, облыстық соттың апелляциялық алқасына арыз берді. Алқа сотталушыларға шығарылған бас бостандығынан айыру жазаларын айыппұлға ауыстырды. Роза Амановаға алған 600 мың теңге парасының алпыс еселенген, яғни 36 миллион теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалып, оның қамауда отырған күндері айыппұлдан шегерілді. Нәтижесінде түпкілікті жаза 32 820 605 теңгені құрады. Балжан Есимбаева 9 662 003 теңге, ал Жадыра Култаева 4 328 670 айыппұл төлейтін болды.
Жемқорлыққа тосқауыл болар жоспар көп
Осы тұста Түркістан облысындағы білім саласында сыбайластыққа жол бермеу, жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар тың жобалардың қолға алынғанын айта кеткеніміз жөн. Бірнеше жылдан бері мектеп пен балабақшаға мамандар jumys.snation.kz порталы арқылы конкурстық негізде қабылданады. Аталған жүйе жалған дипломдарға тосқауыл қоюды да қамтамасыз етеді. Облыста жалған дипломдарды анықтау бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Білім беру саласына мемлекет тарапынан қолдаудың кеңеюі, мұғалімдер мәртебесінің артып, төленетін жалақы көлемінің көбеюі педагог болғысы келетіндер қатарын арттырғаны рас. Бұл өз кезегінде жалған диплом жасатуға ниеттілерді көбейтті. Бүгінде білім саласын таза ұстау, мектептерге өз мамандығын сүйетін, өз пәнін жақсы білетін ұстаздарды топтастыру басты меже болып отыр.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында педагогтерге біліктілік санаттарын беру тәртібі электронды «Е-ПОРТФОЛИО» порталы арқылы жүргізіледі. Мектеп пен балабақшалдарда жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдерге талдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, талдау барысында анықталған сыбайластық тәуекелдерін жою арқылы облыстың білім саласындағы келеңсіз көріністерді, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді жеңуге болады. Бүгінгі таңда балабақшаларда балаларды электронды түрде тіркеу жобасы пилоттық режимде басталып кетті.
Өңірде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар «TURKISTAN BILIMI» атты кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Ол 11 бағыттан тұрады және білім саласын жан-жақты дамытуға, бүкіл процестерді ашық етуге, жемқорлықтың алдын алу мақсатында жұмыстарды автоматтандыруға бағытталған.
Бекбол ҚАЛДЫБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
