Қайтарымсыз грантты да пайдасына асыратындар бар

Әлемде ең тараған қылмыстың түрі – алаяқтық. Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде тіркелген әрбір екінші құқықбұзушылық ұялы телефон ұрлығымен байланысты еді. Шағымданған адамның басым бөлігі ұялы телефонын және әмиянын ұрлатып алғанын айтып шағымданатын. Ал, бүгінде алаяқтық көбейген. Бұрын адам алаяқтың түрін көрсе, қазіргі таңда оның түрін де көрмейді.

Заңдық тұрғыдан алаяқтыққа «бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» деген түсінік берілген. Ал, осы заңды қарапайым сөзбен айтар болсақ, алаяқтық – алдау және өзгенің сеніміне қиянат жасау арқылы бөтен мүлікті ұрлау немесе өзінің бас пайдасына асыруды білдіреді.

Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғынын «мемлекеттен ақша алып беремін» деп алдап, 5 миллион теңгеден астам ақшасын қалтасына басқан әйел ұсталды. Жетісай аудандық полиция бөліміне үш бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуларынша, таныстары «кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін» деп, уәде беріп, 5 миллион теңгеден астам ақшаларын алып кеткен. Аталған фактіні полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел тергеу тобы жергілікті тұрғындарды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Жедел іздестіру нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті әйел ірі көлемдегі ақшаны өзінің несиесін жабу үшін алғанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынып, аталған іс бойынша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сондай-ақ, Түркістан қаласының полиция басқармасына алаяқтық қылмысы туралы арызбен Сауран ауданының тұрғыны жүгінді. Жәбірленушінің хабарлауынша, бейтаныс әйел оған 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алуға көмектесуге уәде берген. Алаяққа сенген қала тұрғыны 200 мың теңгесінен айрылған. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркелді. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында тұратын әйел де мемлекеттен қайтарымсыз грант аламын деп алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушінің айтуынша, сырттай танысы мемлекет тарапынан 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып беремін деп сеніміне кірген. Уәдені үйіп-төккен әйел жәбірленушіден 1 миллион 800 мың теңге алған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркелді. Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғын тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз әйел болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер күдікті келіншектің бұдан басқа да жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде. Яғни, «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалайда әрекет ету керек. Бүгінгі күннің тұрмысы бос отыруға мүмкіндік те бермесі анық. Жеке кәсібін ашып, екі қолға бір күрек табылса деп мақсат етіп отырғандар да бар. Солардың сұранысына орай жылда берілетін қайтарымсыз қаржы көлемі өскен. 550 мыңнан басталған грант қаржысы қазіргі таңда 1 380 мыңға өсті.

Әрине, бұл қаржы кәсібін бастағалы отырған адамға үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан берілген осы мүмкіндікті алаяқтар да қалт жібермей келеді. Мемлекет берген қаржыны мақсатсыз пайдаланатындар кездеседі. «Кәсіп ашамын» деп алған қаржыны өз пайдасына жұмсап қоятындар бар екені жасырын емес. Қайтарымсыз қаржыны басқа мақсатта жұмсай салатындар бар. Мұндай жағдайлар Түркістан облыстық «Мансап» орталығы мамандарының тексеруі кезінде анықталған. Өткен жылы мониторинг нәтижесінде сот органдарында мемлекеттік грантты мақсатты пайдаланбау деректері бойынша бірнеше азаматтық іс қаралған екен. – Айта кетейік, біз оларға бағдарламаның нақты талабы мен жауапкершілігін түсіндіреміз. Осы орайда алған қаржыны қандай мақсатта жұмсауға болатыны жөнінде кеңінен тоқталып өткен жөн.

Мемлекет грантты кәсіпке қажетті еңбек құралдары мен техника, мал, құс сатып алу үшін нысаналы мақсатта береді. Басқа тұтынушылық мақсаттарға, несие қарызын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Шарт жасалған күннен бастап 12 ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жасалады, – дейді Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Мансап орталығының грант бойынша маманы Фарида Жүзтаева. Халық арасында түрлі жағдай болады. Мәселен, мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті өз мақсаттарына пайдаланып кететін алаяқтар да кездеседі. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желіде «қайтарымсыз грант алуға көмектесемін» деген хабарламалар көбейгені рас. Олардың алаяқ болып шықпасына кім кепіл?

Қалалық «Мансап» орталығының маманы мұндай жайттар кездескенін жоққа шығармады. Алаяқтар жылдам және дәл қазір шешім қабылдауды талап етеді, олар жәбірленушіге «ойлануға уақыт жоқ, әйтпесе, сіз мүмкіндігіңізді жіберіп аласыз» дейді. Содан кейін адамдар мүмкіндікті жіберіп алмас үшін қарыз немесе несие алып, алаяққа ақшаны өз қолымен береді. Өз қолымен берген ақшаны қайтара алмай, ақыр соңында табанынан тозады.

Раушан НАРБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да