Кейінгі аптада елімізде 2 613 қылмыстың жартысынан астамы ізін суытпай ашылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Бір апта ішінде 2 613 қылмыс жасалды, оның 1 602-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері 10 кісі өлтіруді, 11 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді ізін суытпай анықтады. Одан бөлек, бір қарақшылық, 27 тонау және 314 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, — деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар ішкі істер министрлігі ведомствоаралық штаб отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын талқылады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев қылмыстық қудалау органдарына есірткіні сараптау мәселесін көтерді.
Ол «дәстүрлі» есірткіні зерттеу 10 күнге дейін, ал синтетикалық препараттарды зерттеу бір айдан асатынын айтып өтті.
Ал сарапшылардың пікірінсіз күдіктілердің жолын кесу шарасын таңдау мүмкін емес, бұл жауапкершіліктен жалтару қаупін арттырады.
