Қазақстанда бірнеше Telegram-бот бұғатталды

Қазақстанда азаматтарының дербес деректері бар сегіз Telegram-бот бұғатталды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

Мәселен, 28 қазанда бұғатталған Telegram-боттың қызметі азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген.

Дербес деректердің таралып кету қаупін азайту және оларды заңсыз жинау және өңдеу фактілерінің жолын кесу мақсатында азаматтарды мұндай Telegram-боттарды пайдаланбауға және насихаттамауға, сонымен қатар өздерінің дербес деректерін жалпыға қолжетімді көздерде және әлеуметтік желілерде қалдырмауға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Мұндай Telegram-боттардың иелері ID, аты, тегі, лақап аты, «өзі туралы» бөлім және қосымшада орнатылған тіл арқылы адамдардың жеке деректерін жинай алады. Оған қоса, аккаунтқа кіру, жазбаға қол жеткізу және пайдаланушы атынан хабарлама жіберу мүмкіндігі бар.

Министрлік осындай Telegram-боттар анықталған жағдайда бірден хабар беруді сұрады.