Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 14-16 қыркүйек аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады.

Үш күнде республиканың басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы сақталады, найзағай жарқылдап, екпінді жел тұрады, жаңбыр жауады.

Бүкіл кезең бойы — шығыста, 14-15 қыркүйекте — солтүстікте, 15-16 қыркүйекте — батыста, 16 қыркүйекте — еліміздің солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады.

Үш күн бойы республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнгі уақытта жауын-шашын болады. Жаңбыр мен қар жауады деп болжанып отыр. Температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер болмайды.

Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде 3-10, күндіз 13-20, оңтүстік жартысында түнде 7-15, күндіз 18-25 градус жылы.