ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарады

Келесі жылы жаңа сұрақтар қосылып, ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Telegram-парақшасында мәлімдеді.

2024 жылы ҰБТ форматында бірқатар өзгеріс болады. Ол жаңа оқу жылының басында жария етіледі. Бұл болашақ талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге жақсы дайындалуға көмектеседі. Жоғары білімді оңтайлы етудің маңызды қадамы – ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру. Біз нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдерді қолдана отырып, стандартталған форматқа көшеміз. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді. 2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сонымен қатар бейіндік пәндерге жаңа тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады, — деді министр.

Оның айтуынша, ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша.

Бірақ «Оқу сауаты» мен «Математикалық сауат» міндетті пәндерінен тапсырма саны бес сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Негізі бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған бес тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстың қисынды жалғасы.

Осылайша, ҰБТ тапсырмаларының саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауатынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек, — деді Саясат Нұрбек.