Қазақстанда 2,3 миллион зейнеткер тұрады

Биыл республикалық бюджеттен 1 триллион 924,5 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 590,6 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы – 1 триллион 333,9 миллиард теңге.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 301 мың адам.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 923 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 092 теңге, базалық зейнетақы – 37 831 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады, — делінген хабарламада.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сонымен қатар мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-не тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-і болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.