Астанадағы LRT станциясында өрт шықты

Астанадағы LRT станциясында өрт шықты. Оқиға 5 мамыр күні сағат 22:18 шамасында «Театр» станциясының солтүстік өткеліндегі кіреберіс бөлігінде болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

CTS мәліметінше, дәнекерлеу жұмыстары кезінде құрылыс қалдықтары тұтанып кеткен. Алдын ала себеп — жұмыс барысында ұшқынның түсуі.

Компанияның айтуынша, жалпы аумағы 20 шаршы метр жерде пластик құбырлар мен минералды мақта жанған. Өрт төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін станцияның кезекші қызметкерлері тарапынан алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен жедел сөндірілген.

CTS өрттің станцияның конструкциялары мен жабдықтарына таралуына жол берілмегенін атап өтті. Зардап шеккендер жоқ.