Алматы вокзалында жолаушыларға тиісіп, ақша тапқандар жазаланды

Алматы-1 теміржол вокзалы аумағында көлік полицейлері азаматтарға тиісу және заңсыз кәсіпкерлік фактілерін анықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, вокзалдың күту залында 48 және 52 жастағы екі тұрғын жолаушыларға сақтау камерасы қызметін ұсынып, олардың мазасын алған. Тексеру барысында олардың тиісті тіркеусіз және рұқсат құжаттарынсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны белгілі болды.

Құқық бұзушыларға қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және заңсыз кәсіпкерлік үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша материалдар сотқа жолданды.

Ведомствоның дерегінше, 2026 жылдың басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері 34 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 2 678 жағдай — азаматтарға тиісу, 2 405 — қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе мас күйде жүру, 1 201 — ортақ пайдалану орындарын ластау және 20 дерек — тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысу фактілері тіркелген.