ІІМ: Бір аптада елімізде 2 800-ден астам қылмыс тіркелді

Бір аптада еліміз аумағында 2 800-ден астам қылмыс жасалды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.

Бір апта ішінде 2 886 қылмыс жасалды, оның 1 688-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 10 кісі өлтіруді, төрт өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 35 тонау және 405 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, — деді Шұғыла Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифиңде.

Сонымен бірге Алматыда халық көп шоғырланған ауданда – Наурызбай ауданындағы «AlemCity-1» тұрғын үй кешенінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенінен полиция учаскесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажет заттармен жабдықталған 340 шаршы метр ғимаратты бөлді.

Қазірдің өзінде мұнда тұрғын үй кешендерінің аулалары мен кіреберістеріне, іргелес аумақтарға камералар орнатылды, бұл тәулік бойы қауіпсіздік пен тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғын үй кешенінде 6 мыңнан астам адам тұрады. 2021 жылдан бастап полиция пунктерін тұрғын үйдің өзінде орналастыру тәжірибесі енгізілді. Бүгінде мұндай жоба алғаш рет құрылыс компаниясы мен ПД арасында өтеусіз негізде жүзеге асырылды, — деді Шұғыла Тұрлыбек.