Елімізде қай сала мамандарына сұраныс жоғары?

Биылғы мамыр айында электрондық еңбек биржасында 94,9 мың бос жұмыс орны және 74,5 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл сәуірмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, кадрлар профициті алдыңғы айдағыдай оңтүстік облыстарда, атап айтқанда Шымкент қаласы (түйіндеме саны бос орындар санынан 2,4 мыңға немесе 78%-ке асып кеткен) мен Түркістан облысында (5,1 мыңға немесе 76%-ке) байқалды.

Еңбек нарығында ең сұранысқа ие кадрлар автомобиль жүргізушілері (1,9 мың бос жұмыс орны және 1,5 мың түйіндеме), күзетшілер (1,6 мың бос жұмыс орны және 889 түйіндеме) және тәрбиешілер (1,5 мың бос жұмыс орны және 810 түйіндеме). Сәуір айымен салыстырғанда медицина қызметкерлеріне (1,6 мың бос жұмыс орны және 1 мың түйіндеме) және байланыс орталығының операторларына (1,9 мың бос жұмыс орны және 11 түйіндеме) сұраныс артқаны байқалды. Ал егіс науқанының аяқталуына байланысты мамыр айында сәуірмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласының мамандарына сұраныс төмендеген, — делінген хабарламада.

Жұмыс іздеушілердің арасындағы ең белсенділер 16-35 жас аралығындағы жастар.