Онлайн-мамандықтар ауыл жастарын жұмыссыздықтан құтқара ала ма?

«Жаңаша» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен Атырау облысы Жылыой ауданының жастарын онлайн-мамандықтарға тегін машықтандырып жатыр.

Жұмыссыздық мәселесі ауыл жастары үшін қашан да өзекті. Өйткені аудандарда жұмыс орны өте аз: бірлі-екілі әлеуметтік нысан мен санаулы бизнес ошағы ғана бар. Жастар қаладан жұмыс іздеуге мәжбүр. Екі қолға бір күрек табылса да, жалдамалы пәтер сынды қиындықтар тағы бар. Осыдан әлеуметтік мәселелердің тізбегі түзіледі.

Қайтпек керек? Пандемия көпшіліктің өмір салтына ғана емес, еңбек нарығына да айтарлықтай өзгеріс енгізді. Онлайн қызметтер оңтайлы екенін дәлелдеді. Соның ішінде бизнес-маркетиң саласы үшін онлайн форматтың өте қолайлы екеніне көз жетті. Бұл дегеніңіз – жұмыс іздеп, қалаға қарай сабылатын ауыл жастарының қарасын сейілтуге мүмкіндік туды деген сөз. Осының маңызын түсінген «Жаңаша» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен Атырау облысы Жылыой ауданының жастарын онлайн-мамандықтарға тегін машықтандырып жатыр.

5acfcbe05210e6500818e23198791ab0 Онлайн-мамандықтар ауыл жастарын жұмыссыздықтан құтқара ала ма?
Фото: «Жаңаша» қоғамдық қоры

Ауыл жастарына SMM, копирайтиң, таргетиң, уеб-дизайн сияқты онлайн-бизнестің құралдарын меңгертсек, олар өз ауылында отырып-ақ, тапсырыс берушіге қашықтан қызмет көрсетеді. Қазір кішкентай дүңгіршіктен алпауыт компанияларға дейін әлеуметтік парақша жүргізеді. Сұраныс бар. Бұған қоса, курсқа қатысқандар кейін онлайн кәсіп ашып, табыс таба алады. Қазір инфобизнестің заманы ғой. Нағыз тіс қаққан маманға айналар болса, білгенін өзгелерге үйрету арқылы да ақша табуға мүмкіндік бар. Бүгінде осындай бағыттағы курстар өте көп. Әйтсе де, оған кемі 100 мың теңге төңірегінде қаражат қажет. Ауыл жастары үшін бұл аз ақша емес. Біз сол үшін «Шектелме» деп аталатын жоба жасап, байқауға қатысқан едік. Атауының өзінен біздің мақсатымыз бен идеямызды түсінуге болатындай. Жолымыз болып, «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қаржыландырылатын жобалардың қатарына ендік, — дейді қор басшысы Алтынай Серікбай.

«Бастама – сізден, қолдау — бізден»

Құрылғанына 30 жыл болған «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Содан бері тұрғындар игілігі үшін жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары болатын 108 жоба іске асқан.

Компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полстың айтуынша, биыл 21 жобаның ішінде 15-і Жылыой ауданында жүзеге асады. Соның бірі — “Шектелме” жобасы.

Бұл — инновациялық жоба. Өйткені мұнда қоғамның заманауи трендтері қамтылып отыр. Бүгінде онлайн жұмыс біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Ал ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желілер мен маркетиңнің өте жоғары қарқында дамуы жастардың әлемнің кез келген жерінде отырып табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Әрине, ол үшін оқу-білімге инвестиция құю қажет, «Шектелме» жобасының арқасында Жылыой жастары бұл дағдыларды тегін игереді, — дейді Хэймиш Полс.

«Балық берме, қармақ бер»

Сәуірде тұсауы кесілген жоба бүгіннің өзінде 50-ге жуық жасқа сертификат беріп, еңбек нарығына қосқан. Сабақтар ауылдық округтерде кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Әлеуметтік жобаны ұйымдастырушылар қазан айына дейін 200-ден астам тұрғынға онлайн табыс табудың жолын меңгертуді жоспарлап отыр. Мұндай мүмкіндікке 14-35 жас аралығындағылар ие. Қор басшысы Алтынай Серікбайдың айтуынша, курсқа қатысушылардың ішінде табыс тауып үлгергендері де бар.

0f6eeeee358f85b747539f98523876bb Онлайн-мамандықтар ауыл жастарын жұмыссыздықтан құтқара ала ма?
Фото: «Жаңаша» қоғамдық қоры

Тұрғызба ауылындағы сабақтарымызға таргетиң бағыты бойынша қатысқан Қарашаш Уәли деген 16 жастағы оқушымыз бір күнде 60 мың теңге тапқан. Эльвира Жұмағұлова деген шәкіртіміз ұялы телефон сататын дүкендер желісіне SMM маманы болып жұмысқа тұрды. Эксперттік парақшаларын дамытып, табысын еселеп жатқандар қаншама? Бұл біз қолға алған жобаның әлеуметтік маңызын растай түседі. Ауыл жастары шектелмесе екен дейміз. Осынау ниетімізге қолдау білдірген демеушіміз «Теңізшевройл» компаниясына риазашылығымыз шексіз, — дейді Алтынай Серікбай.

Расында, онлайн-мамандықтардың оңтайлы тұсы көп, керегі — қабілет, ниет және интернет желісіне қосылған гаджет қана. Олардың сұраныс бар мамандықтар рейтиңінде де көш басында екенін ескерсек, мұның тілін түсініп алғандардың нәпақасыз қалмасы анық.