Биыл Алматыда екі жүзден астам көше жөнделеді

Алматыда 2023 жылға арналған жол жөндеу жұмыстарының жоспары бекітілді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 20 миллиард теңге бөлінді. Орташа жөндеу кезінде жолдың тозығы жеткен жоғарғы қабатын қалпына келтіру үшін кешенді жұмыстар жүргізіледі.

Орташа жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 200 шақырымнан аса 200-ден астам көшеге жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Магистралдық көшелердегі орташа жөндеу жұмыстары 27 тамызға дейін, ал аудандық мәні бар көшелердегі жұмыстар 30 қазанға дейін жүргізіледі. Жұмыстар басталар алдында нақты көшелер тізімі мен жұмыс уақыты алдын ала жарияланады.

Алматыда жол бойындағы шұқырлар мен жарықтар тегістеліп, люктер реттеліп, тағы басқа жұмыстар жүргізіледі. Осы жұмыстарды іске асыру үшін қала бюджетінен 2,8 миллиард теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес 350 мың шаршы метр жол биыл жөндеуден өтеді, сонымен қатар 30 километр тротуар мен 40 аялдама кешені жөнделеді, — делінген хабарламада.