Алматыда сүрілген үйлердің орнына қай аудандарда баспана салынып жатыр?

Алматы әкімдігінің ақпаратынша, 2021 жылы Жетісу ауданында инвестормен бірге Скрябина көшесіндегі 52 пәтерлік 6 үй сүрілді. Олардың орнына 2022 жылдың екінші тоқсанында 304 пәтерлік 4 жаңа үй салынды (1-інші және 2-кезең).

Үшінші кезеңнің құрылысы аясында Райымбек даңғылында орналасқан № 265, № 265а үйі бұзылды. Сонымен қатар Крылов көшесіндегі 24 пәтерлік үш апатты үй сүріліп, оның орнында 184 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталды.

Әуезов ауданында Сүлейменов көшесінің бойындағы бірінші кезеңнің құрылысы аясында 5 апатты үй (40 пәтер) бұзылып, оның орнында 209 пәтерлік 4 үйдің құрылысы басталды.

Сүлейменов көшесінің батысы, Жандосов көшесінің оңтүстігіндегі аймаққа қосымша инвестор тартылды. Жеке құрылыс салушы II, V, VI, VII, VIII кезеңдерге үй салу құқығын алды. Осылайша, жобаны аяқтау мерзімі бес жылға – 2033 жылдан 2028 жылға дейін қысқарды.

Түрксіб ауданындағы Молдағалиев-Сауранбаев-Чернышевский-Толстой көшелерінің шаршысында 152 пәтерлік көппәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев мегаполистегі апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтқан болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да