Құрметті алматылықтар! Қаладағы ауыр жағдайға байланысты өздеріңізге үндеу жолдаймын. Қаламыздың тыныштығын бұзуға арандатушылар экстремистік әрекеттерімен сырттан да, іштен де әсер етіп жатыр. Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қазір қаладағы жағдай билік бақылауына алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатыр, — деді ол.
Бақытжан Сағынтаев сөзінше, президенттің Алматыда төтенше жағдай енгізу туралы жарлығы — заңдылық пен тәртіпті қалыпқа келтіру, қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау жолындағы маңызды шешім.
Ел президентінің жарлығына сәйкес қалалық полиция департаментінің бастығы, генерал Қанат Таймерденов Алматының коменданты болып тағайындалды. Әкімдік қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланы қалыпта ұстау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Біздің ортақ мақсатымыз – қаламызда тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, бейбіт халықты қауіп-қатерден аман сақтау. Сондықтан бәріңізді арандатушылық пен заңсыз әрекеттерді қолдамауға шақырамын. Бүгінгі түнде қаламыздың тыныштығын сақтауға атсалысқан тәртіп сақшылары мен барлық жауапты қызметкерге түсіністік танытып, жауапкершілікпен қараған алматылықтарға рақметімді айтамын, — деді Алматы әкімі.
