Алматы полициясы әйел үш баласымен 9-қабаттан неге секіргенін айтты

Алматының полиция департаменті мәліметінше, оқиға 22 қарашада түс ауа «Жетісу» ықшамауданында болған.

Тергеудің осы кезеңінде 9-қабаттан үш баласымен секіріп кеткен әйелдің әрекетінің алдын ала себебі анықталды. Бұл — отбасылық-тұрмыстық қатынас негізіндегі жұбайымен жанжал. Өз-өзіне қол жұмсау туралы хат қалдырған», — делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, қылмыстық іс Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес тергеліп жатыр. Тергеу-жедел тобы құрылған.

Бұған дейін Алматыда әйел кішкентай үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткені хабарланған болатын. Оқиға орнында әйел мен екі бала қаза тапты. Жедел жәрдем көлігінде тағы бір бала қайтыс болды. Кейін куәгерлер оқиға қалай болғанын айтып берді.