«Ұрып жатыр». Алматыда мәйіті табылған қыз жақындарына SMS жазып үлгерген

КТК арнасы хабарлауынша, бұл жағдай Latifa тұрғын кешенінің 13-қабатындағы пәтерде болған. Тұрғындардың сөздерінше, марқұмның жігіті 18 жасар қызды өлтіріп, осы жерде өртеп жіберген.

Түнгі сағат 1 шамасында айқай-шу шыққан бұл пәтердің есігі мөрленген. Осы пәтерге жігітімен келген бойжеткен туған әпкесіне кешкі жеті шамасында «құрбымның үйінде түнеймін» деп жазып жіберген. Алайда біршама уақыт өткеннен кейін «ұрып жатыр» деп бір ауыз сөз жазып үлгеріп көмек сұраған. Дереу жетіп келген жақындары полиция шақыртыпты.

Таңертең шықсам, бір жігіт келді. «Бірдеңе көрдіңіз бе?» деді. «Жоқ, ештеңе көрмедім» дедім. Кейін олар полицияға хабарлады. Келді. Тексеру басталды. Үй иесі келіп есікті ашты. Көрді. Қызды қылқындырған, сосын өртеп жіберген, — дейді Алматы тұрғыны Данияр Оразов.

13 қабатты бұл үйдегі пәтерлер түгел дерлік тәулікке жалға беріледі. Солай бола тұра, ылғи да тыныш болатын дейді көршілері. Алайда осы жолы түн ортасында шыңғырған дауыс естіп күйіктің иісі сезілген.

Пәтерді ашқан кезде жануарды өртегенде шығатын жиіркенішті иіс шықты. Сонымен бірге алкогольдің иісі де мүңкіп тұрды. 12 жарымда қатты соққыдан кейін шыңғырған дауыс естідім. Бірақ мен нәресте құлап жылаған шығар деп ойладым. Өлтірген жігіт түнгі сағат бірлерде қашып кеткен сияқты, — дейді көрші тұратын Екатерина.

Күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Күдіктінің кім екені анықталды. Ал тұрғын үй кешенінде жезөкшелер мекендейді деп мазасы қашқан тұрғындар марқұм қызды да жеңіл жүрісті деп, әлеуметтік желіде жария қылған. Мұны департаменттегілер жоққа шығарды.

Аталған дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99- бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне тіркеліп, Медеу аудандық полиция басқармасының мамандарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Жеке басы анықталған күдіктіні ұстау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы ретте жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз, — деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

18 жасар бойжеткенді тұншықтырып өлтіріп, артынша өртеп жіберген қылмыскерді полицейлер іздеп жатыр. Қылмыстың мән-жайы мен себеп-салдары алдағы уақытта анықталады.

ДереккөзKtk.kz