Білім вице-министрі өңірлердегі мектептер құрылысына көңілі толмайтынын айтты

Бұл туралы «Ал енді бюджет қаражаты есебінен мектеп салу туралы! Өкінішке қарай, жағдай мәз емес және алаңдаушылық тудырып отыр!», — деп Бибігүл Асылова Facebook-парақшасында жазба қалдырған.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, тіпті мектеп құрылысының бекітілген әдістемесі, тетіктері бар, қаржылық қамтамасыз ету де қарастырылған, алайда өңірлердің көрсеткіші мәз емес. 1 қазандағы жағдай бойынша бюджет қаражатын игеру бар болғаны 56,3 млрд теңгені немесе жоспарланған 96,6 миллиард теңгенің 58%-ін құраған.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша игеру – 86%, Жамбыл облысы бойынша – 78% және Алматы қаласы бойынша – 75%. Алайда, қаржыны игеруде республикалық орташа көрсеткіштен едәуір төмен көрсеткіштер Ақтөбе облысы бойынша – 31%, Маңғыстау облысы бойынша – 39%, ал Атырау облысы бойынша қаржы мүлдем игерілмеген, — деді ол.

Дегенмен, білім саласында шешімін тапқан мәселелер де бар көрінеді.

1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджет есебінен 20,6 мың оқушы орнына арналған 52 мектеп пайдалануға берілді, 3 апатты мектеп мәселесі шешілді, 12 мектепте үш ауысымды оқыту жойылды, 25 мектепте оқушы орындарының тапшылығы жойылды, — деп жазды вице-министр.

Бибігүл Амангелдіқызы жыл соңына дейін кейбір білім нысандарының уақытылы пайдалануға берілетініне сенбейтінін жазды.

Жылдың соңына дейін 18 нысанның, Ақмола облысында – 3, Алматы облысында – 5, Қызылорда облысында – 1, Түркістан облысында – 1 және Алматы қаласында – 8 нысан бойынша уақытылы пайдалануға бермеу қаупі бар, — деді вице-министр Бибігүл Асылова.