Медеу мен Шымбұлақта электр автобустары жүре бастады

Бұл туралы «ЭҚС Операторы» баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда ELECTRO TAXI пилоттық жобасының екінші кезеңін іске асыру аясында шағын электр автобустарын «ЭҚС Операторы» сатып алған. Экология көлігі сынақтан өтіп, барлық техникалық және экология талабына сәйкес келген. Қоршаған ортаға еш зиян келтірмейді.

Шағын электр автобусымен жол жүру құны — 500 теңге. Зейнеткерлер мен жеңілдік санаттары бар азаматтар үшін жолақы — 250 теңге. Ал 7 жасқа дейінгі балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жол жүру тегін.

Жолақы төлемін Kaspi қосымшасы арқылы («Такси» бөлімінде), қолма қол ақшалай төлемді «Медеу» ЖСК және «Шымбұлақ» КТ орналасқан төлем терминалы арқылы жүргізуге болады.

Осылайша, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аймағында JAC iEv7S маркалы сегіз электромобиль және SAIC MAXUS EV90 екі электр микробусы қатынап отыр. Бұл, әрине, жобаны іске асырудың осы кезеңдегі нәтижесі.

Электр автобусы
Фото: Recycle.kz

ELECTRO TAXI пилоттық жобасын жүзеге асыру Алматыда экологиялық таза көлік құралдарын (электромобильдерді) пайдаланудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Медеу» мен «Шымбұлақ» нысандарының көпшілікке көрсетер үлгісі болмақ.