Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасына ұшып кетті

Алматыдан бірінші рейспен Токиоға 128 адам ұшып кетті. Олар — спортшылар, бапкерлер, дәрігерлер, ғылыми-кешенді топ мүшелері, Олимпиададағы Қазақстан Миссиясының өкілдері.

Токиоға “Ақбұлақ” олимпиада базасынан каратэшілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсерлесу командасы, ауыр атлеттер мен боксшылар барды. Өзге де жаттығу базаларынан жүзу спортының, су добы спортының өкілдері, жеңіл атлеттер, велошабандоздар, стенд ату мен нысана көздеуден құрама командалар, сонымен бірге дзюдошылар Токиоға жол тартты.

Атлеттер екі апта карантинде болып, соңғы жаттығу жиындарын Алматы мен Алматы облысында өткізді. Ойын қарсаңындағы соңғы күндерді спортшылар оқшаулану режимінде өткізіп, сыртқы әлеммен байланысқа түскен жоқ.

“Біз Олимпиада ойындарына қатысушы спортшылардың қауіпсіздігіне бағытталған ХОК пен Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің барлық талабын орындадық. Ұлттық олимпиада комитеті пен ұлттық федерациялар спортшылардың сапалы әрі қауіпсіз дайындалуына бар жағдайды жасады.  Біздің командадағы 96 спортшы — ортақ еңбегімізді жемісі. Спортшылар мен бапкерлерге, сонымен бірге спорт дәрігелеріне бірлескен жұмысы үшін рахмет айтамыз”, – делінген Ұлттық олимпиада комитетінің жазбасында. 

Делегацияның алғашқы бөлігі чартер рейсімен Алматыдан Токиоға ұшып кетті. Осы орайда, барлық қауіпсіздік шарасы сақталған. Делегацияның аэропорт және әуекомпания қызметкерлерімен байланысқа мейілінше аз түсуі қадағалануда. Авиациялық қызметкерлердің барлығы да  екі мәрте ПТР сынақтан өтті.

28 шілдеге жоспарланған екінші рейспен Жапонияға 43 адам жол тартады. Олардың қатарында балуандар, көркем гимнастикадан Қазақстан командасы, әртістік жүзу, бессайыс және жеңіл атлеттердің бір бөлігі бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да