Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде, Нұр-Сұлтан халқының 81%-і қайырымдылыққа оң көзқараспен қарайтыны және мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге әрдайым әзір екендігі анықталған. Бұл еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.

Сауалнама нәтижелері елордалықтардың елдегі инклюзивті білім беруді дамытуға оң баға беретіндігін анықтады. Мәселен, Нұр-Сұлтан тұрғындарының 57%-і қазақстандық білім беру жүйесін ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолайлы деп санайды.

Жастар ортасын зерттеу барысында астаналық жастардың басты трендтері волонтерлік (55%) және салауатты өмір салты (30%) екендігі белгілі болды. Осы орайда, Нұр-Сұлтан жастарының 56%-і спортпен тұрақты түрде шұғылданатынын айта кеткен жөн.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан тұрғындары спорттан бөлек шығармашылық дамуға да ерекше көңіл бөледі. Бұл тұрғыда елордалықтардың арасында сурет салу (14%), музыкалық аспаптарда ойнау (10%) және сәндік-қолданбалы өнер (10%) танымал.

Жеке бас мәселесіне келгенде астана тұрғындарының 91%-і отбасын өмірдің ең маңызды құндылығы деп санайды. Өз кезегінде, елордалықтардың 41%-і патриотизмді еліне деген сүйіспеншілік, құрмет және елі үшін мақтаныш деп есептеп, жастардың 32%-і әскерде қызмет етуге, Отанын қорғауға дайын екендігін жеткізген.

Жалпы, пандемияға байланысты орнаған карантиндік жағдайларға қарамастан елордалықтардың 79%-і болашаққа «бәрі жақсы болады» деген үміт сезімімен қарайды.


