Батыс Қазақстан облысының әкімі үндеу жасады

Коронавируске шалдығушылар саны көбеюіне байланысты Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақтан шыға алмай тұр. Сондықтан алдағы уақытта, мереке күндері қарияларды, соғыс және еңбек ардагерлерін үйлеріне құттықтап баруды тоқтату керек.

Бұл туралы өңір басшысы Ғали Есқалиев коронавирус бойынша жедел штаб отырысында мәлімдеді.

Бүгінде көптеген қария ковидпен ауырып жатыр. Себебін іздегенде наурыздағы мерекелерде олардың қонақ қабылдағаны белгілі болды. Бұл бізді өте алаңдататын жағдай. Құттықтағыларыңыз келсе телефон шалыңыздар, сыйлықтарды еріктілер арқылы беріп жіберіңіздер. Бізге олардың денсаулығы мен өмірі қымбат. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір инфекция стационарларындағы кереуеттердің толуы 50%-тен асып барады.

Өкінішке қарай, біздің арамызда әлі күнге дейін мен бұл ауруға шалдықпаймын деп жүргендер бар. Тыйым салынғанына қарамастан түрлі отбасылық шараларды өткізеді. Бұлай дертке жеңіл қарау өте қауіпті. Карантин шараларын жеңілдеткен уақытта бірден қырағылықты жоғалтамыз, нәтижесінде вирус қайтадан өршиді. Егер жақын арада жағдайды тұрақтандыра алмасақ, онда карантиндік режим бұдан да қатаюы мүмкін, — деді Ғали Есқалиев.

Осы екі арада елде коронавирустың жаңа екі түрі анықталып отыр. Олар: британдық және оңтүстікафрикалық. Мамандардың пікірінше бұлардың жұғу қаупі ерекше жоғары, яғни олардың таралу жылдамдығы екі есе тез көрінеді. Негізінен, дерт азаматтар өз еріктерімен дәрігерге қаралғанда, вахтаға жұмысқа барғанда және ауруханаға жатқызар алдындағы жоспарлы тексерісте анықталып жатыр.

Облыстың бас санитар дәрігері М.Арыспаев облыстың «қызыл» аймаққа енуіне байланысты 20 наурызда қосымша шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ оған қарамастан 26 наурыздан бастап науқастар саны өсіп жатқандығын хабарлады. Сондай-ақ, карантин режимін ағымдағы жылдың 16 сәуіріне дейін ұзартуды ұсынды.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Қалибековтың айтуынша, өңірде сегіз инфекциялық стационар жұмыс істеп жатыр. Ауруханаларда 355 науқас жатыр (жыл басында — 155). Соның ішінде 15 науқас жансақтау палатасында. Жыл басынан бері пандемия салдарынан 68 адам ( 36 әйел, 32 ер адам) көз жұмған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да