«Ұлыбритания» немесе «британ» штамы

COVID-19-дың әу бастағы штамына қарағанда «британды» жұқтырған адамның жөтелі күшті болады, қатты шаршайды, тамағы мен бұлшықеті ауырады. Ал иіс пен дәм сезбей қалу көрсеткіші төмен, әйтсе де бұл симптом инфекцияның жұққан-жұқпағанын анықтайтын басты үш белгіге кіреді. Олар — температураның қатты көтерілуі, жақында ғана пайда болған тоқтаусыз жөтел және дәм сезу қабілетінде өзгерістердің болуы. Жаңа штамды жұқтарғандардың көбінде осы үш симптомның, тым болмағанда, біреуі кездеседі.

Ұлыбританияның статистикалық бюро қызметкерлері COVID-19-дың жаңа штамымен ауырып жатқан адамдарды бір апта бойы зерттеп, науқастардың бойындағы симптомды кәдімгі коронавирус белгілерімен салыстырыпты. Нәтижесінде, «британ» штамының екі гені бар екені анықталды, алдыңғы коронавируста үш ген болатын.

Қорытынды зерттеуде 2020 жылғы қараша мен 2021 жылғы қаңтар айларында науқастардың ауру нәтижесі есептелген.

Жаңа штаммен ауырған 3,5 мың адамның:

  • 35%-і жөтелген
  • 32%-і шаршауды сезінген
  • 25%-інің бұлшықеті мен бүкіл денесі ауырған
  • 21,8%-інің тамағы ауырған
  • 16%-і дәм сезбей қалған
  • 15%-і иіс сезбей қалған

Ал кәдімгі штаммен ауырған 2,5 мың адамның: 

  • 28%-і жөтелген
  • 29%-і шаршауды сезінген
  • 21%-інің бұлшықеті мен бүкіл денесі ауырған
  • 19%-інің тамағы ауырған
  • 18%-і дәм мен иіс сезбей қалған

Ал бас ауруы, тыныс алудың қиындауы немесе диарея және құсу сияқты белгілер екеуінде де бірдей.

«Британ» вирусы құрылымындағы өзгеріс организмнің иммун реакциясының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Жаңа штамм кәдімгіге қарағанда жылдамырақ көбейеді, сәйкесінше инфекция организмде кеңірек таралады. Қатты жөтелу, бұлшықеттердің ауруы мен шаршау осыған байланысты болуы мүмкін.

ДДСҰ эксперті Мария ван Керкхове коронавирустың «британ» штамы кәдімгі нұсқаға қарағанда жылдамырақ таралатынын мәлімдеген еді. Бұрын бір адам 1,1 адамға вирус жұқтыра алатын, ал жаңа штаммен ауырғандарда бұл көрсеткіш 1,5-1,7-ге дейін өскен.

Жаңа штамм балаларға қалай әсер етеді?

Express.co.uk порталы COVID-19 эпидемиология зерттеулеріне арналған ZOE Symptom Tracker қолданбасы мәліметін жариялады. Ол бойынша, «британ» штамын жұқтырған балалардың 55%-інде шаршау симптомы жиі кездеседі. Олардың көбі тұйықталып кетеді. Ал кішкентай балалар мазасызданып, көп жылай беруі мүмкін.

Огайо Солтүстік-шығыс медицина университетінің профессоры, инфекционист дәрігер Ричард Уоткинстің айтуынша, мұндай реакция шабуылға ұшыраған иммун жүйесінің цитокинин бөлуімен байланысты. Цитокининдер жұмыс істеп, инфекциямен күресу керек екенін денеге сигнал жіберіп білдіреді. Соның салдарынан организм шаршайды.

Вирус жұқтырған балалардың 53%-інің басы ауырған. Кішкентай балаларда басының ауырып тұрғанын анықтау қиын, сондықтан олар жылай беруі мүмкін.

«Британ» штамы қайдан келді?

Жаңа штамм Ұлыбританиядағы бір пациентте пайда болуы немесе коронавирус мутациясы бақыланбайтын басқа елден баруы мүмкін. Не де болса, штамм вируспен күресе алмаған иммун жүйесі әлсіз науқаста пайда болды. Солайша, ол адамның организмі коронавирустың мутацияға ұшырауына жайлы ортаға айналды.

Дүниежүзіндегі вирус үлгілерінің генетикалық кодын бақылайтын Nextstrain компаниясы мәліметінше, Дания мен Австралияға вирус Ұлыбританиядан барған.

коронавирус, емделу
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Оңтүстік Африка» штамы

Коронавирустың «Оңтүстік Африка штамы» деген атаумен белгілі SARS-CoV-2 501Y.V2/B.1.351 алғаш рет Оңтүстік Африка Республикасында 2020 жылғы желтоқсанда анықталды. Дегенмен вирустың бұл жаңа нұсқасы ОАР-да былтыр тамызда мутацияға ұшыраған болуы мүмкін. Бұл туралы Nature журналына шыққан бір топ ғалымның вирустың жаңа нұсқасын зерттеу нәтижесінде айтылды.

COVID-19дың мутацияға ұшыраған нұсқасының өзгешелігі мынадай:

  • Адам жасушаларына жылдам енеді. Вирустың жасушаға енуіне жауап беретін ақуыз бөлігінде сегіз мутация анықталғанда бұл болжам расталды. Сол мутациялардың бірі «британ» штамында да анықталған еді. Ол адамның ACE2 рецепторымен тығыз байланыс орнатуға жауап береді. Ал коронавирус осы рецептор жасушасы үстіне жабысады.
  • Жылдам таралады. Вирус жасушаға тез енетіндіктен, оның таралу жылдамдығы да артады.
  • Иммун жауабынан жақсырақ «құтылады». Жоғарыда айтқан сегіз мутацияның E484K деген түрі вирустың жаңа штамын организмдегі вирусқа қарсы антиденелерді бейтараптандыру көрсеткішін жоғарылатады.

SARS-CoV-2 коронавирусының алдыңғы нұсқаларына қарағанда «Оңтүстік Африка» штамы дені сау, созымалы немесе басқадай ауруы жоқ жастар арасында тез таралып жатыр.

Ресей вирусологы Виктор Зуевтің мәліметінше, жаңа штамм кәдімгі коронавирустан қауіпті деуге келмейді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, тез жұғады.

Вирусолог жаңа штамның жұқпалығы ортаға байланысты екенін айтады. Белгілі бір орта вирустың көбейіп, таралуын арттырса, екіншісі керісінше оның дамуын төмендетіп, жұғу көрсеткішін азайтады.

***

Еске салайық, 2021 жылғы 19 наурызда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда COVID-19 талдауы үлгілерінде «Ұлыбритания», «Оңтүстік Африка», «Бразилия» штамдарына ұқсас мутациялар анықталғанын хабарлаған еді. Ал 27 наурызда Қазақстанда «британ» және «Оңтүстік Африка» штамдарының бар екені расталды.

Алматыдағы Халықаралық вакцинология орталығының басшысы Қайсар Табынов мутациялардың бар екенін нақтылау үшін үлгілердің ҚазҰАЗУ халықаралық вакцинология орталығына берілгенін айтты.

Зерттеу нәтижелері бір S үлгісінде геннің құрамында B.1.1.7 «британ штамына» тән амин қышқылдарының алмастырғыштары мен амин делекциясы бар екенін көрсетті. Екінші сынамада S генінде «Оңтүстік Арфика штамына» тән B. 1.351 аминқышқыл алмастырғыштары мен аминқышқыл делециялары табылды.

Елде жаңа штамдар анықталғанына байланысты, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин маска режимін сақтап, әлеуметтік қашықтықты ескеріп, адам көп жиналатын жерге бармауға шақырды.